Британияда медицина қызметкерлері вакцина салғызуға міндетті

Англияда Ұлттық денсаулық сақтау саласының қызметкерлері түгел коронавирусқа қарсы екпе алуға міндеттеледі.

Бұл жөнінде Ұлыбритания Денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид мәлімдеді.

Айтуынша, дәрігер, медбике, қосалқы құрамдағы мамандар мен еріктілерді вакциналау арқылы ғана вирустың таралуын тежеп, қызметкерлерді індеттен аман сақтап қалуға болады. Бүгінге дейін ақ халаттылардың 90 проценті, яғни 103 мыңдай адам екпенің қос компонентін алып үлгірген. Ал қалыс қалғандармен жеке әңгіме жүргізіледі. Науқан 1 сәуірден басталмақ.

Айта кетейік, ертеңнен бастап қарттар үйінің қызметкерлері де екпе алуға міндеттеледі. 

Саджид Джавид, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

- Денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек саласындағылар түгел екпе алуы керек деген шешімге келдім. Біз Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне жүгінгендерді, ақ халатты әріптестерімізді және жалпы саланы қауіптен қорғауымыз керек. Науқастармен тікелей жұмыс істемейтін және денсаулығына байланысты екпеден босатылғандар ғана вакцина салдырмайды.