Өзбекстанда жыл сайын 200 млн ағаш отырғызылады

Өзбекстанда жаппай ағаш отырғызудың 40 күндігі жарияланды. Яғни ала шапанды ағайындар желтоқсан айының ортасына дейін ағаш отырғызумен айналысады.

Мұндай тапсырманы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Жасыл кеңістік» бағдарламасын жүзеге асыру аясында берді. Жоба аясында жылына 200 миллион ағаш пен көшет отырғызып, қалалардағы жасыл аймақтар аумағын 30 процентке дейін арттыру жоспарлануда. Қазір оның көлемі 8 процентті құрайды.

Жалпы экологтардың айтуынша, Өзбекстан аумағында климатқа байланысты ағаштың тек 27 түрін ғана отырғызуға болады. Олардың қатарында емен, үйеңкі, қарағай сынды жасыл желкендер бар.

Айта кету керек, Өзбекстанда 2024 жылға дейін ағаш кесуге мораторий жарияланған. Ал сайлау науқаны кезінде Шавкат Мирзиёев бұл бұйрықты мерзімсіз етуге уәде берген еді.

Жасур Абулқасым, Янги хаёт ауданы абаттандыру басқармасының басшысы:

- Біздің ауданымызда «Жасыл кеңістік» бағдарламасы аясында емен ағаштары отырғызылып жатыр. Ол Орталық Азия елдеріне ең тиімді жасыл желкендердің бірі болып саналады. Желтоқсан айына дейін 10 мың түп ағаш отырғызу жоспарда бар. Бұл игі іс келер жылы да жалғасын табады. Жалпы биыл жыл соңына дейін Ташкент қаласы бойынша 375 мың түп ағаш отырғызылса, келер жылдың көктемінде тағы 625 мың ағаш отырғызылады.