Ауғанның Герат провинциясында қыз балалар сабақтарына оралды

Ауғанстанның батысындағы Герат провинциясында 7 мен 12-сынып аралығындағы қыз балалар мектеп қабырғасында білім ала бастады. Мұндағы нәзік жанды мұғалімдер де жұмысына қайта оралды.

Естеріңізге салайық, билікке тәліптер келгелі аймақтағы білім беру мекемелері уақытша жұмысын тоқтатып, кейін мектептердегі оқу қыркүйектің 19-ы басталған. Алайда сабаққа тек ер мұғалімдер мен ер балалар қатысатын. Енді елдің білім беру департаменті Гераттағы 300 мыңнан астам қыз балаларды оқуына қайтарды. Ал өткен аптада Кундуз, Балх провинцияларындағы жасөспірімдер де партаға отырды. Олардың араларында қыздар да бар.

Тоба Нурзаи, мектеп директоры:

- Қыздарымыз бен мұғалімдеріміз мектепке оралғандарына риза. Бұл сәтті көптен күтіп еді. Білім беру мекемелері жабылғандар көбі депрессияға ұшыраған. Қыздардың болашағына алаңдай бастадық.