Әлемде мигрант дағдарысы ушығып барады

Жақсы өмір іздеген босқындар Латын Америкасы елдерінен Мексика арқылы АҚШ-қа қарай ағылып жатыр. Ал мыңдаған ауған азаматы Иранды бетке алды. Польша-Беларусь шекарасындағы жағдай да өте қиын. Сарапшылар мигранттар дағдарысының халықаралық саяси жанжалға ұласуы мүмкін екенін айтады.

Польша-Беларусь шекарасындағы жағдай өте қиын. Мигранттар суықта далада түнеп жүр. Ресми Минскінің мәлімдеуінше, шекара бойында 2 мыңнан астам босқын жиналған. Оларды Польша биілігі өткізбей отыр. Жалпы Еуроодақ Беларусьті кәрі құрлыққа қысым көрсету үшін Таяу Шығыс, Ауғанстан мен Африкадан ағылған келімсектерді әдейі жіберіп жатыр деп айыптайды.

Александр Лукашенко, Беларусь Президенті:

- Біз жүкті әйелдер мен балаларға көңіл бөлуіміз керек. Сұмдық жағдай болып жатыр. Жүктіліктің 8, 9-айына жеткен әйелдер көп. Біз қандай амал қыларымызды мүлде білмей отырмыз. Олар сол шекара түбінде туатын шығар. Мигранттардың өздері ол жерден ешқайда бармаймыз, ар жаққа өтеміз деп қасарысып отыр. Ауғанстан мен Таяу Шығыста қазір 30 градус ыстық, ал бізде нольден төмен.

Мигранттар мәселесі Украина билігінің де бас ауруына айналды. Ресми Киев Беларусь шекарасындағы әскер санын 2 есе арттырмақ. Әйтпесе заңсыз мигранттардың қалың нөпірі ел аумағына лап беруі мүмкін. Екі мемлекет арасындағы шекараның ұзындығы 1 мың шақырымнан асады.

Денис Монастырский, Украина ішкі істер министрі:

- Бүгін мигранттардың жиналуы мүмкін аумақтар нақтыланды. Шекарашыларға көмекке Ұлттық ұлан мен Ұлттық полиция да тартылады.

Мигранттар негізі Польша арқылы Германия мен Бельгияға өткісі келеді. Бұл іске Біріккен Ұлттар Ұйымы араласа бастады. Халықаралық қауымдастық босқындар саясат құрбанына айналып барады деп алаңдаулы. Қауіпсіздік кеңесі бүгін Польша-Беларусь шекарасындағы мигранттар мәселесін талқылауы тиіс. Ал Еуроодақ жаңа санкциялар дайындап жатыр.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еврокомиссия басшысы:

- Бұл Польша, Латвия, Литва мен Беларусь арасындағы ғана екі жақты мәселе емес, бұл, бүкіл Еуроодаққа төнген қатер. Бұл бізге көрші елдердегі жағдайды тұрақсыздандыру әрекеті. Сондықтан адамдарды алдымен Минскіге жеткізіп, кейін ЕуроОдақ шекарасына әкеліп жатқан әуе компанияларға қарсы санкциялар қабылдамақпыз. Мигранттарға әбден обал болды.

19 күн бұрын жаяу-жалпы жолға шыққан мыңдаған мигрант Мексика астанасына әлі жеткен жоқ. Гватемала, Гондурас және Никарагуа азаматтарының беталысы АҚШ. Әбден қалжыраған кейбір босқындар ауруға шалдығып, Мексика билігіне өз еркімен беріліп жатыр. Көші-қон қызметкерлері қалған келімсектерді үгіттеп әлек. Себебі олар жүрген аймақта ұры-қары мен қандықол қылмыскер көп. Human Rights үйымының мәліметі бойынша жыл басынан бері Мексикадағы мигранттардың 8 мыңға жуығына шабуыл жасалған.

БЛИЦ:

- Қасымда қызым мен анам бар. Шешем «біз берілмеуіміз керек» деп мені қайрап келеді. Шынымды айтсам, әбден шаршадым. Аяқтарым ауырады. Бірақ анам тоқтамаймыз деп көнер емес.

Ауғанстаннан Иранға 300 мың адам қашқан. Бұл тәліптер билікті басып алған тамыздан бергі мәлімет. Норвегиядағы Босқындар ісі жөніндегі кеңестің мәліметі бойынша Иранға күн сайын 5 мыңға жуық ауған азаматы келеді. Олардың да түпкі мақсаты Еуропаға бару.

Ян Эгеланн, Норвегиядағы босқындар ісі жөніндегі кеңестің бас хатшысы:

- Жағдай бұдан да ушығады деп ойлаймыз. Себебі босқындар нөпірі еш толастар емес. Оның үстіне, қаһарлы қыс келе жатыр. Ауғанстанның экономикасы күйреді, миллиондаған адамға тамақ пен су керек.Иран олардың бәрін қабылдай алмайды. Ауған  азаматтарына көмек ауадай қажет.

Глазгода босқындарды қолдауға арналған шеру өтті. Мына қос қуыршақтың бірі сириялық қыз баланың бейнесі. Ал ал екіншісі теңізді білдіреді. Себебі мыңдаған босқынның ажалы осы судан келген.

Сондай-ақ...