Қырғызстанда көмір тапшылығы туындады

Көмір тапшылығы Қырғызстанда да байқалып отыр.

Дегенмен, ел үкіметі энергия үнемдеу үшін тұрғындарды отынның осы түрін жағуға шақырады. Алайда баға ай сайын қымбаттап, халықтың қалтасына салмақ түсіріп отыр. 

Қазан айымен салыстырғанда қарашада Қырғызстанда көмір бағасы 10 процентке өсті. Ең қымбаты елдің оңтүстігінде. Бір тоннасы 10 мың сом, яғни елу мыңдай теңге тұрады. Оны жеткізуге кететін шығын салдарынан бағасы да жоғары. Көмір өндірілетін елдің солтүстік аймағында екі есе арзан. Ал Кара-Кечедегі ең ірі көмір кеніші толық күшіне жұмыс істесе, бағасы одан да төмен болар еді. 

Бейшеналы Нурдинов, Қырғызстан Парламентінің депутаты:

- Губернатор Нарын аймағы көмірмен жартылай қамтылғанын баяндап отыр. Іс жүзінде тек әлеуметтік нысандарда отын бар. Ал облыс тұрғындарының тек 10 проценті ғана көмірмен қамтылған. Алайда Нарында ең суық қыс болатынын бәріміз білеміз. Көмір үшін кезекте 500-ден бір мыңға дейін жүк көлігі тұр. Халық аяз соққанша дейін үкіметтен көмек беруді сұрап отыр. 

Электр қуаты жетіспегендіктен жұрт үйін көмірмен жылыта бастады. Қаражаты барлар бумен жылыту жүйелерін сатып алады. 100 шаршы метр ауданды жылытуға жететін бұл пештер 300 доллар шамасында тұрады. Алайда қаржысы жетпейтіндіктен, көбі шағын пештер алуға мәжбүр. Оған көмір аз кетеді, алайда қаупі де жоғары.     

Уланбек Аматбеков, темір соғу цехының ұстасы:

-  Электр қуаты қымбаттағандықтан жұрт «буржуйка» деп аталатын шағын пештерге жиі тапсырыс береді. Олардың да бағасы өсті. Пешті бір күнде жасай аламыз. Ол 9 мың сом, яғни 100 доллар тұрады. Әрине бұл пеш ауаны құрғатып, тек шағын бөлмелерді жылыта алады. Бірақ бу пеші одан да қымбат.  

Жағдайды тұрақтандыру үшін үкімет қазаннан бастап үш ай бойы көмір бағасын реттейтін болды. Бір тоннаның бағасы төрт жарым мың сом, яғни 25 мыңнан аспауы тиіс. Ал елдің оңтүстігінде бұл сомаға жолға кететін шығынды қосу рұқсат етілді. Алайда сұраныс артып, көмір жетіспей тұрғанда бұл шартты орындау қиын болмақ.

Бакыт Чермашев