Париждегі әлем форумы: теңсіздік, киберқауіпсіздік, ынтымақтастық

Ауқымды шараға отыз елдің президенті, халықарлық ұйымдар мен ірі IT бірлестіктерінің басшылары қатысып жатыр. Дипломатиялық Давос деп аталған форум коронавирус пандемиясынан ушыққан теңсіздік тақырыбына арналған.

Париж форумы қалыптасқан дәстүр бойынша Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу күніне сәйкестендіріліп ұйымдастырылады. Биыл күн тәртібіндегі басты тақырып – дамыған елдер мен басқа мемлекеттер арасындағы алшақтықтың ұлғаюы. Форум тарихында алғаш рет Африка елдері басшыларынан құралған делегаттар саны басым. Қара құрлық климаттың өзгеруі және азық-түлік тапшылығымен қатар коронавирустан көп зардап шегіп отыр.

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:

– Африка, Тынық мұхиты аймағы, Кариб теңізі бассейні және кей Азия елдерінде халықты коронавирусқа қарсы егу 10 есе баяу жүріп жатыр. Осыған байланысты біз шама келгенше тез қимылдап, бұл елдерге вирусқа қарсы вакцина бөлуді күшейтуіміз қажет.

Теңсіздік киберқауіпсіздік саласында да ұлғайып келеді. Форумда ғаламтор жүйесінің мазмұныны реттеу бойынша ұсыныстарды талқылау жоспарланып отыр. Мысалы, Крайстчерч ғаламтордағы лаңкестік және экстремизммен бірлесіп күресуге шақырды. Ал ірі бірлестіктер оның балаларға қалай қауіпсіз етуді талқылап жатыр.

Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:

– Біз бүгін теңсіздіктің күрт өсуімен бетпе-бет келіп отырмыз. Мұндай қайшылық неге орын алып отырғанын түсінуіміз керек. Қазір әлем тарихында бетбұрысты кезең. Коронавирус пандемиясы басталғалы дерттен 5 миллион адам көз жұмды. Бірақ індет қандай олқылықтар барын да көрсетіп берді.

Үш күнге жалғасатын Париж форумында ғаламдық сын-қатерлермен күресуге бағытталған 80 шешім ұсынылмақ. Оның ішінде жалған ақпаратпен күрестен бастап дамыған Солтүстік пен экономикалық әлсіз Оңтүстік бірлестіктерінің ынтымақтастық мәселесі де бар. Кездесудің басты тақырыбының бірі – өзара ықпалдастық. Себебі барлық аймақтық мәселелер ғаламдық сипатқа ие болғандықтан бірлесіп әрекет етуді қажет етеді дейді сарапшылар.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова