Оңтүстік Кореяда қалалық әуе көлігінің алғашқы рейсі өтті

Елде әлі жеке такси ұшақтары болмаса да, оларды басқару бағдарламасы дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы қалалық ұшақ Германияда жасалған, оған тек екі адам отыра алады. Ұшақ тігінен көтеріліп, елу метр биіктікте 3 шақырымдай қашықтықты ұшып өтті.

Дэмиан Хишер, ұшқыш:

– Әуе көлігімен қала арасында ұшу мен үшін ерекше болды. Бұл - тікұшақта немесе ұшақта ұшудан да өзгеше сезім. Авиациядағы осындай дамудың озық үлгісін көру, куәсі болу маған қуаныш сыйлады.

Көліктің жаңа түрін көрсету Кимпхо халықаралық әуежайының аумағында өтті. Ұшуды халықаралық және ішкі әуе қозғалысын басқаратын жүйе бақылады.

Владислав Цой, тілші:

– Бұл тренажер қалалық әуе көлігін басқарушы ұшқан сәтте не сезінетінін білуге мүмкіндік береді. Дәл қазір мен Кимпо қаласының үстінен 300 метр биіктікте ұшып келе жатырмын.

Қалалық әуе көлігін заңдастыру үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Содан кейін 2025 жылдан бастап жолаушылар қосымша арқылы баратын жерін жазып, әуе таксиіне отыра алады. Автокөлік 50 шақырымды 1 сағатта өтсе, қалалық әуе көлігі дәл осындай қашықтықты 20 минутта ұшып өтеді.

Чан Ен Ги – Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі департамент директорының орынбасары

– Біз жобаны 2024 жылға дейін аяқтап, 2025 жылы бас қалада нақты бағыттарды іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Қазір Кореяда жасалған әуе таксилері сынақтан өтіп жатыр. Бұл бір орындық ұшқышсыз ұшатын аппарат. Мультикоптердің максималды ұшып көтерілу салмағы 160 кг. Ол сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Кореяның тағы бір ұшағына бес адам мініп, сағатына 320 шақырым жылдамдықпен қозғала алады. Алайда, бұл әуе таксиінің құны  2025 жылдан қымбат болады. Инчхон халықаралық әуежайынан Сеул қаласының орталығына бару шамамен 100 долларды құрайды. Бірақ 2035 жылдан кейін мұндай сапарлар шамамен 5 есе арзандайды.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян