Шри-Ланкада табиғи апат 25 тұрғынның өмірін қиды

Шри-Ланканың Негомбо қаласының тұрғындары тізеден су кешіп жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл елде тасқын судан құрбан болғандар саны 25-ке жеткен. Олардың көбі суға батқан. Сондай-ақ лай көшкінен 5 тұрғын жарақат алды. Жалпы 200 мыңнан астам адам табиғи апаттың зардабын тартты. Су жолдарды шайып, үйлер мен ғимараттарды қиратты.

Дениш Де Силва, дүкен иесі:

– Тасқын аяқ астынан келіп, көшені өзенге айналдырды. Соңғы жылдары климат қатты өзгеріп жатыр. Жаңбырдан көз ашпайтын болдық. Жер суды сіңіріп үлгермей жатыр.

Касум Перера, жергілікті тұрғын:

– Есімізді жия алмай жатырмыз. Өзімізді су тасқынына үйренгенбіз деп есептейтін едік. Бірақ бұл жолы шамамыз жетпей жатыр.