430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Үндістанда отшашуға неліктен тыйым салынды

  • 92
  • UPD: 23:03, 13.11.2021

Үндістанда мейрамдар енді отшашусыз өтуі мүмкін. Ел билігі мереке кезінде пиротехника қолдануға тыйым салды. Жаңа шектеулер қашан күшіне енеді? Оларды жергілікті тұрғындар қалай қабылдады?

Таяуда елдегі ең басты деп саналатын Дивали мейрамы өтті. Билік жарлығына сәйкес ол отшашусыз өтуі керек еді. Мерекелік шаралар басталғанда полиция ереже бұзушыларды ұстап, ел аумағында 400-дей адам қамауға алынды. Алайда тәртіп сақшыларының бәріне шамасы жетпей, халық әдеттегідей отшашу шашып, тойлаған. Осыған байланысты парламентте төтенше мәжіліс шақыртылды. Осыдан бір апта бұрын пиротехниканы қолдану үшін 20 доллар мөлшерінде айыппұл қарастырылған болатын. Енді отшашу атуды эпидемиологиялық ережелерді бұзуға теңеп, 2 мың доллар мөлшерінде айыппұл немесе үш айға абақтыға қамау жазасы бекітілді. 

Анируд Панита, Нью-Дели муниципалитетінің аға заңгері:

– Алғашында Үндістанның 6 штатында 1-6 қазан аралығынан тыйым салынған еді. Пиротехниканы тек қалалар мен елді мекендер аумағында қолдануға болмайтын. Жергілікті муниципалитеттер сайттарында отшашу атуға болатын орындар белгіленді. Бұл негізінен алқаптар немесе адам көп жүрмейтін жерлер болған. Сондай-ақ қолдануға болатын пиротехника тізімі жазылды. Алайда алғашқы тексеру осы жарлықты ешкім елемегенін көрсетті.

Дели штатында пиротехникадан жарақат алу қаупінен гөрі ауаны зиянды химикаттармен ластануы алаңдатады. Тақауда пиротехниканың сауда ережелері мен қолдануға болатын отшашулар тізімі жарияланады. Жаңа тәртіп бойынша оны тек елді мекендерден тыс аумақта сатуға болады. Ал дүкендер арасы 6 метрден кем болмауы керек. 

Рахим Киям, пиротехника сататын дүкендер желісінің иесі:

– Әзірше шығынға ұшыраған жоқпыз, бұрынғыдай сатылып жүр. Бірақ Жаңа Жылға қарай қалай болатынын білмеймін. Егер полиция бізді қысса, кәсібіміз күйреуі мүмкін. Оған бармайды деп үміттенеміз.

Жобаның ақырғы нұсқасын желтоқсан айына дейін дайындауы тиіс. Алайда Жаңа жылды қарсы алу ережелері қазірдің өзінде белгілі. Отшашу ату рұқсат етіледі, бірақ тек алғашқы жарты сағатында. Ал егер ауа сапасы айтарлықтай нашарласа, бұл тыйым күшейтілуі мүмкін.

Полиция пиротехниканы заңсыз жасап, сататындарға қарсы шара қолдана бастады. Осы кезге дейін оларға тек айыппұл салынатын. Ал дүйсенбіден бастап отшашуды заңсыз шығарғаны үшін 8 айға бас бостандығынан айырылады. 

Авторлары: Александр Колюжный, Рахим Банабили

Хабар 24 телеарнасы