Түркі дүниесі күшейе түспек

Тарихи күн! Түркі Кеңесі «ұйым» атауын алды. Түркі әлемінің 2040 жылға дейінгі стратегиялық құжаты қабылданды. Жұма күні Ыстамбұлда қазақ, түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек, түрікмен, мажар басшылары бас қосты. Бауырлас елдердің бірлестігіне бақылаушы мемлекет болып Түрікменстан қосылды. Бұл нені білдіреді? Түркі елдерінің көздегені не?

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Ыстамбұл. Бұл шаһарды мешіттер қаласы десе артық айтқандық емес. Түркияда 90 мыңға жуық мешіт болса соның 3 жарым мыңдайы осында орналасқан. 15 миллионнан аса тұрғыны бар Ыстанбұл тек рухани, тарихи қала емес. Ең ірі транзиттік әрі экономикалық орталық.

Жұмада Түркі дүниесінің назары Ыстамбұлға ауды. Көне шаһарға қазақ, түрік, әзербайжан, қырғыз, өзбек, түрікмен және мажар басшылары жиналды. Тараптар саммит алдында Ыстамбұлда Түркі Кеңесі Хатшылығының жаңа кеңсесін ашты. Атап өтейік, бұл қалада Кеңестің штаб пәтері орналасқан.

Осыдан соң тамырлас елдердің басшылары Ыстамбұлдың оңтүстік-шығысындағы Демократия және бостандық аралына бет алды. Саммит осы мекенде өтті. Алқалы жиынға Кеңестің құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев  бейнеүндеу жолдады. Елбасы ендігі жерде Түркі кеңесі «ұйым» деп аталатынын жеткізді.

Атап өтейік, Түркі Кеңесі 2009 жылы Елбасының ұсынысымен құрылған. Халықаралық ірі құрылымға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан толыққанды мүше. Ал Мажарстан бақылаушы мемлекет. Бақылаушы ел болып бауырлардың бірлестігіне жұма күні Түрікменстан қосылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қатарымызға байқаушы және серіктес ретінде қосылатын елдер түркі әлемін дамытуға тың серпін берері сөзсіз. Біздің ұйым жаһандық тұрғыдан өзінің лайықты орнын табатынына кәміл сенемін. Менің пікірім бойынша ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққ баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын Реджеп Тайип Ердоған да қуаттай түсті. Түрік Президенті ағайынды елдер арасындағы сауда-саттықты жандандыру керек деді. Алыс-берісте, кеденде кедергілер жойылып, түркі елдері еркін сауда жасасуға тиіс.

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

- Бізге экономикалық және сауда ынтымақтастығын нығайту керек.  Қазір түркі елдерінің жалпы сауда көлемі 21 млрд доллар шамасында. Бұл бүкіләлемдік сауда көлемінің 3 проценті. Межені 10 процентке жеткізу қажет. Мен сауда жолдарын жеңілдету стратегиясына қол қоюға ерекше мән беремін. Құрлық, әуе, теңіз жолдары арқылы бір-бірімізбен тығыз байланыста болмасақ, қалаған нәтижеге жете алмаймыз.

Президент алты басым бағытты атады. Біріншісі экология. Қасым-Жомарт Тоқаев «баламалы қуат көздерін дамыту керек» деді. Қазір баламалы энергияның үлесі бізде 3  процентті құрайды. Ал 2030 жылға қарай мұны 15 процентке дейін жеткізу міндеті тұр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Екінші. Қазақстанда жасыл сутектің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар. Еліміздің ғылыми әлеуеті жеткілікті, білікті кадрлармен де қамтамасыз ете аламыз. Осы орайда елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын.

Біздің ел бидай егіп, ұн өндіретін ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын сыртқы нарыққа 7 миллион тоннаға дейін бидай шығарамыз. Осы орайда Президент тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. «Трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану керек» деді. Ұсынысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірмеу үшін трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануымыз керек. Бұл өте маңызды міндет. Түптеп келгенде осындай шаралар біздің елдеріміздің өсіп өркендеуіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан өздеріңізбен бірлесіп, гидроқұрылымдар салуға дайынбыз.

Президент атаған төртінші бағыт - жасыл капитал нарығын дамыту. Бізде бұл жұмыс «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан қор биржасында жүргізіліп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев ағайындарды бұл ұйымдардың тәжірибесі мен құралдарын кеңінен пайдалануға шақырды. Кейін ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейте түсу керектігін айтты. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін түркі ұйымының заманауи технопарк орталығын құруға шақырды. Ал келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген түркі жастарының арнайы форумын өткізуді ұсынды. Реджеп Тайип Ердоған да түріктердің бұл бағыттағы байланысты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

- Біз жасыл технологияларды дамыту бойынша бірлескен жобаларды бірге қолға алуымыз керек. Сондай-ақ табиғи апаттармен күрестегі ынтымақтастығымызды жандандыру қажет. Сонымен қатар терроризмге қарсы шараларды белсенді түрде жалғастырғанымыз жөн.

Алдағы уақытта Түркілердің ұйымы кеңейе түспек. Себебі қазірдің өзінде 15 шақты ел біздің бірлестікке кіруге ниетті. Алайда өзгелер толыққанды мүше бола алмайды. Оларға тек «серіктес» яки «бақылаушы» мәртебесі беріледі.

Қорған Қонысбайұлы тілші:

- Кеңеске биыл Əзербайжан төраға. Ал келесі жылы Түркия жетекшілік етпек. Осы жолы бақылаушы мемлекет ретінде тіркелген Түрікменстан келесі жылы Түркі Кеңесінің толыққанды мүшесі болмақ. Бұл дегеніміз бірегей құрылым кеңейіп, түркі дүниесі күшейе түспек.

Қорған Қонысбайұлы