430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Саяси кикілжің салдарынан ушыға түскен дағдарыс

  • 89
  • UPD: 22:02, 14.11.2021

Қордаланып бара жатқан миграциялық дағдарыс мәселесі. Беларусь жерінен Еуропаға аттанбақшы болған Таяу Шығыс пен Африка елдерінің мигранттары қиын жағдайға қалды. Күн суытқан тұста мыңдаған босқын сыз тартқан жерде ұйықтап, от жағып жылынып, бір жұтым су ішуге зар болып отыр. Бір де бір тарап оларды қабылдауға асығар емес. Еуропалық Одақ елдері Беларусь елін гуманитарлық дағдарысты қолдан жасап отыр деп айыптады. Олардың пайымдауынша, бұл Александр Лукашенко Вашингтонның желтоқсанда салғалы жатқан жаңа санкциялардың пакетіне қатқан жауабы. Ал Беларусь президенті болса, мемлекет аумағы арқылы Еуропаға тасымалданатын газды тоқтатамын деп сес көрсетті.

Жалпы Беларусь пен Польша, Литва, Латвия елдері  шекарасындағы шиеленіс бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Польша осы аптада төтенше жағдай жариялап, шекараға қалың қол тартты. Қазір онда 12 мың сарбаз шекараны күзетіп тұр. Елдің қарулы күштері техникасын тізіп қойған. Мұздай қаруланған әскерге қарамастан, босқындар шекараны кесіп өтуден тайынбайды. Екі жүздейі Польша аумағына өтіп кетті.

Шекарадан асқандардың қазіргі жағдайы беймәлім. Ал темір тордың бергі жағында қалған босқындардың халі тіптен нашар. Ауа температурасы түнде -6 градусқа дейін суытады. Ал мигранттар шатыр тігіп, ол болмаса сыз жерде ұйықтауға мәжбүр. Ормандағы ағаштарды бұтап, жылынып әлек. Ауыз су бәріне бірдей жетпейді. Талғажау етер азық та жоқ. Әкелген тамаққа қалың тобыр таласып қалады. Онсыз да аз тамақты үлестіру мүмкін емес, волонтерлар лақтырып береді.

БЛИЦ:

- Біз Польшада қалғымыз келмейді. Кейбірі Германияға,  кейбіріміз Ұлыбританияға барғымыз келеді.

- Мен Германияға, өз отбасыма бара жатырмын. Оларды асырау үшін баруым керек ол жерге.

- Мен Еуропаға өмірімді өзгерту үшін бара жатырмын. Ағам үшін, өз балаларымды асырау үшін сонда жетуге тиіспін. Менің ағам жүрмейді, оған Германияда қаралу керек.                                  

Мулусеоу Мамо, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі басқарманың беларусь еліндегі өкілі:

- Біз сіздерге аз ғана уақытқа көмек көрсетеміз. Қазір үкіметпен бірлесіп мәселелеріңізді шешу үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бірақ әлі бірнеше күн сіздерге су, дәрі-дәрмек, жылы киіммен қамти аламыз. Мына балалар мұндай суықта далада қалмауы тиіс, оларды шұғыл түрде құтқару керек.

Ал Еуроодақ елдерінің қалыптасқан жағдайға қатысты өз ұстанымы бар. Нақтырақ айтқанда, Беларусь билігі Еуроодақ аумағын тұрақсыздандыруды қалайды. Сол себепті  босқындарды шекараға әдейі бағыттап отыр. Осылайша өзіне санкциялар салғаны үшін кек алмақ деген пікірде. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүше ЕуроОдақ елдері Беларусьты айыптап, оған қарсы әрекет етуге үндеу тастады. Бірлескен мәлімдемені Эстонияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі жасады.

Свен Юргенсон, Эстонияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі:

- Халықаралық қауымдастық Беларусьтың бұл әректтіне шұғыл түрде жауап беріп, билікті жауапқа тарту қажет. Лукашенко аймақтық қауіпсіздіккке үлкен қатер төндіріп отыр. Біз Беларусь билігінен адамгершілікке жат әрекетті тоқтатуды сұраймыз.  Минск халықаралық ұйымдарға мигранттарға гуманитарлық көмек көрсету үшін кіруге рұқсат беру керек.

Олай етпеген жағдайда Еуроодақ елдері Беларуське санкциялардың 5-ші пакетін қолдануы мүмкін. Дәлірек айтқанда, бұл санкциялар жекелеген шенеуніктер, құқықтық орган өкілдеріне қатысты болмақ. Сондай-ақ, мигранттарды Беларусь еліне жеткізетін әуе компанияларын қара тізімінге тізімге енгізу туралы әңгіме қозғалды. Беларусь президенті Александр Лукашенко есе жібермейміз деп отыр.

Александр Лукашенко, Беларусь Президенті:

– Еліміздің егемендігін қорғау жолында ешнәрсеге көнуге міндетті емеспіз! Бүгінде Беларусь арқылы табиғи газдың өтімділігін арттырып, Еуропаны жылытып отырсақ, олар бізге қоқан-лоқы көрсетеді екен. Ал егер біз газдың жолын бөгеп тастасақ ше? Сондықтан Польшаның үкіметі мен басы істемейтін литвалықтар мен өзгелеріне ең алдымен ойланып сөйлеу керек деп кеңес берер едім. 

Мәлім болғандай, Лукашенко Ресейден Еуропаға газ жіберетін құбырды бітеу жөнінде ресми Мәскеумен ақылдаспады. Бұны Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жеткізді. Таяу Шығыстан Минскіге, одан әрі Кәрі құрлыққа беттеген мигрант легін тоқтату мақсатында ЕуроОдақ қатаң шара қолданбақ ниетте. 

Минскіге қарсы санкцияның 5-пакеті

Беларусь еліндегі босқындар саны тамыз айынан бері арта түскен. Оған дейін мигранттар күн сайын Минск арқылы Еуропаға ұшатын. Босқындар легінің артқан тұсында Брюссель мен Вашингтонның Минскіге шектеу қоя бастады. Соңғы деректерге сәйкес, қазір екі мемлекеттің шекарасы маңына Таяу Шығыс пен Африкадан бас сауғалаған 4 мыңға жуық мигрант жиналған. Бұдан бөлек Беларусьтың ішкі аймағында тағы 10 мыңнан аса босқын Еуропаға өтуге дайындалып жатыр. Еуропалық Одақ билігі Беларуське қарсы жаңа санкциялар пакетінде бірқатар әуекомпанияны қара тізімге енгізбек ниетте. ЕуроОдақ,  АҚШ пен Ұлыбритания бірлесіп бұл жөніндегі мәлімдемені желтоқсан айының басында жарияламақ. Бұл жөнінде қыркүйек айында айтылған еді. Санкциялардың 5-ші пакеті Таяу Шығыстан Беларусь арқылы Еуропаға жолаушы тасымалдайтын әуе рейстерін шектеуді қарастырады. Bloomberg агенттігі хабарлағандай, қара тізімге ресейлік "Аэрофлот" пен түріктің «Turkish Airlines» компаниясы да ілігуі мүмкін.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі:

- БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Беларусь пен Польшаның шекарасындағы жағдай саяси мақсатта қолданылып, екі елдің арақатынасына сызат түсірмеуі тиіс деген пікірде. БҰҰ Бас хатшысы шекарадағы жағдайды жіті бақылап отыр. Миграциялық мәселе гуманитарлық қағидаға сүйеніп, халықаралық адам құқығы сай шешілуге міндетті.

Хабар 24 телеарнасы