Өзбекстанда алғаш рет ретро және заманауи көліктер көрмесі өтіп жатыр

Өзбекстанда алғаш рет ретро және заманауи көліктердің көрмесі өткізіліп жатыр. Ташкент қаласының тұрғындары мен қонақтары келмеске кеткен кеңес заманының озық көліктері мен қазіргі электромобильдерді өз көздерімен көріп, тест драйв жасау мүмкіндігіне ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұнаған көлікті сатып алуға да болады.

Риат Шони, тілші:

- Бұл келмеске кеткен кеңес кезеңіне қайтып оралу емес. Бұл сол заманнан қалған ретрокөліктердің көрмесі. Бұнда мінеки Волга, Жигулилерден бастап, шетелдік иномаркаларға дейін тізілген. Мұндай көрмелер көне көлік реставраторлары үшін үлкен мейрам болып есептеледі.

БЛИЦ:

- Көрмеден мол әсер алдым. Кеңес кезеңінде көліктің әр бөлшегін жасауға асқан ұқыппен қараған екен. Өте керемет.

- Ташкентте бұндай шара болады деп ойламаған едім. Кеңестік көліктер болса да, машиналардың осы күнге дейін жақсы қалпында жеткеніне таң қалып отырмын.

Негізі Өзбекстанда автомобиль шығаратын монополист компания үстемдік құрғанымен мұнда Шевроледен басқа өзге көліктерді де кезіктіруге болады. Бірақ сирек. Дегенмен, Hilton Auto Retro аталған көрмеде заманауи индустрияның жемістерін тамашалауға болады. Тіпті ұнаған көлікті сатып алу мүмкіндігі де бар екен. Ол үшін аукциондар ұйымдастырылады.

Жалпы Hilton Auto Retro көрмесінде көлік қойылған 20-ға жуық аймақ бар. Онда темір тұлпарлардың 200-ден астам түрі жұртшылық назарына ұсынылған. Бұндай шара Өзбекстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан жергілікті жұртшылықтың қарашаның 20-на дейін көрмеге келіп, темір тұлпарларды өз көздерімен көріп, естелікке суретке түсу мүмкіндігі бар.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов