Украинада жануарларды қорғау туралы жаңа заң күшіне енді

Жануарға да жанашырлық керек. Бұған дейін жануарларға қатыгездік танытқандар үшін әкімшілік жауапкершілк қана қаралған болса, енді қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Тіпті, олармен суретке түсуге де тыйым бар. 

Түзетулер мен өзгертулер енгізілген жаңа Заң үй жануары мен хайуанаттарды қорғауға қатысты қоғамның бірқатар талабын ескерген. Айталық, көлік ішінде ауа температурасы 20 градустан жоғары немесе 5 градустан төмен  болса, онда жануарды қараусыз қалдыруға болмайды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда, аялдама мен дүкендердің маңында жануарды тастап кетуге немесе 10 метрге жетпейтін тар жіппен байлауға тиым салынады.

Марина Суркова, жануарларды қорғау ұйымдары бірлестігінің вице-президенті:

– Зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жауапкершілік күшейіп, қылмыстық кодекске енгізілді. Мысалы жануарларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттер қатаң жазаланады. Хайуандарды қорлау, қинауды насихаттау  қатаң жазаланады. Сондай-ақ біз Украинаның Жоғарғы Радасына бірнеше заң жобаны қайта енгіздік. Мысалы, цирктерде жануарларды пайдалануға тыйым салу маңызды. Дельфинарийлерді жабу, балаларды аң аулауға ертіп апаруға тиым салу сияқты мәселелерді Заңмен реттеуіміз қажет.

Сондай-ақ догхантерлерге қатысты жаза қатаңдатылды. Айталық, жануарларға қатыгездік танытқаны үшін 14 жастан бастап әкімшілік, 16 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ал қорлау, қинау сияқты әрекеттерді насихаттағандар 1-3 жылға дейін бас бостандығын айырылуы мүмкін.

Марина Суркова, жануарларды қорғау ұйымдары бірлестігінің вице-президенті:

– Жануарларды үйрету барысында қатыгездікке баруға тиым салынды. Аң-құсты ұстауға рұқсат ететін зообақтар 2017 жылы жабылған, демек көшпелі цирктердің жұмысы заңсыз деп танылады. Жануарларды қорғауда жергілікті билік өкілдерінің өкілеттігі арты. Олар өз ережесін бекіте алады. Мәселен өз құзыретіндегі елдімекенге көшпелі цирктің келуіне тыйым сала алады. 

Заң жануарларды улап немесе эвтаназия жолымен өлтіруге де тиым салады. Сондай-ақ аң-құсты ойын-сауық және қоғамдық тамақтандыру мақсатында жарнамаға, фотосессияға пайдалануға жол берілмейді. Жыртқыш және сирек кездесетін жануарларды үйде ұстауға болмайды. Біз айтқан шектеулердің барлығын қадағалауға Украинаның Ұлттық полициясы жұмылдырылмақ.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко