Нью-Делиде ауаның ластануына байланысты мектептер жабылды

Нью-Делиде мектептер жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Білім беру мекемелері енді бір апта жұмыс істемейді. Оған ауаның ластану деңгейінің артуы себеп.

Бұдан бөлек қалада бірнеше күнге құрылыс жұмыстары да тоқтатылады. Ал мемлекеттік қызметкерлер үйден жұмыс істеуге көшеді.

Айта кеткен жөн, Нью-Дели – экологиясы нашар шаһарлардың бірі. Бірер күн бұрын ауаның ластану көрсеткіші қалыпты межеден 20 есе артып кеткен. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазір көрші штаттардағы фермерлер масақ өртеп жатыр. Одан бөлек көлік пен өнеркәсіп көп. Бұл аздай биліктің тыйым салуына қарамастан, жақында тұрғындар Дивали мерекесіне орай отшашу ұйымдастырып, ахуалды ушықтырып жіберген. 

Арвинд Кеджривал, Нью-Дели үкіметінің басшысы:

– Болжамдар бойынша17 қарашаға дейін қалада жел болмайды. Бұл ауаның ластануына қатысты ахуал одан бетер ушығады деген сөз. Сондықтан құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылуы тиіс. Мектептер де жабық болу керек. Балалар келесі аптаға дейін онлайн оқиды. Біз олардың денсаулығына қауіп төндіре алмаймыз.