Польша миграциялық дағдарыстың ушығуына байланысты НАТО-ға үміт артып отыр  

Польша Литва мен Латвия билігі шекарасындағы миграциялық дағдарыстың ушығуына байланысты НАТО-дан көмек сұрамақ.

Польша премьер министрі Матеуш Моравецкийдің айтуынша бұл жағдайға Альянстың араласуы және одақтастардың кеңесі қажет. Осыған орай саясаткерлер НАТО-ны шұғыл отырыс өткізуге шақырып, Солтүстік Атлантика келісімінің 4-бабына көшуін талап етеді. Оған сәйкес Келісуші елдердің аумактық тұтастығына, саяси тәуелсіздігіне қатер төнді деп есептеген жағдайда Альянсқа мүше елдер өзара ақылдасып, пікір алысады. Қазір үш ел де шекарасындағы қауіпсіздікті күшейтіп жатыр. Польша Беларусьпен шектесетін аймаққа арнайы техника мен 15 мың әскер әкелді.

Жуырда елге заңсыз өткен 50-ден астам босқынды тәртіп сақшылары Беларуське қайтарған. Олардың дені  Таяу шығыс, Ауғанстан, Ирак пен Ираннан шыққан босқындар. Олар Германия мен Батыс Еуропа елдеріне өтуге тырысады. Ал Беларусь жағдайды өзінше түсіндіреді.

Игорь Буткевич, Беларусь мемлекеттік кеден комитет төрағасының бірінші орынбасары:

– Бұл жерде көптеген елдер мен ұлт өкілдері бар. Шамамен 2 мыңға жуық адам. Жағдай өте қиын. Халық Еуропа аумағына өткісі келеді. Беларусь тарапы мигранттарға көмек көрсету үшін барынша тырысып жатыр. Лагерьлерге азық-түлік пен ауыз су жеткізіліп жатыр. Одан бөлек жылы киім, отын мен төсек орын таратылып жатыр.

ИРАК ӨЗ АЗАМАТТАРЫН ЕЛГЕ ҚАЙТАРМАҚ  

Күннің суығына шыдай алмай жатқандар да аз емес. Далада түнеп жүргендерге қайырымдылық ұйымдары көмек көрсетеді. Десе де 8 мигранттың көз жұмғаны белгілі. Полицейлер тәртіпке бағынбағандарға күш қолданылады деп ескертті. Ал Ирак билігі шекарада тұрып қалған отандастарын елге қайтуға шақырды. Оларды қайтару үшін Үкімет тарапынан барынша көмек көрсетіледі деп уәде етті.

Ахмед Аль-Саххаф, Ирактың сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

– Кез келген мемлекет өз аумағына заңсыз келгендерді жақтырмайтыны анық. Шекарада жиналған отандастарымыз қиын жағдайға тап болды. Күннің суытуы да гуманитарлық дағдарысты ушықтырып тұр. Сондықтан халық ерікті тұрде елге қайтуы керек. Ирактың сыртқы істер министрлігі көмектеседі. Азаматтарымызға Беларусь еліне виза берілмеу үшін Багдадтағы Беларусь елшісінің жұмысын уақытша тоқтаттық.