Украинада қоқыс сұрыптау және қайта өңдеу мәселесі шешілмей тұр

Киев қаласында тұрғындардан қауіпті тұрмыстық қалдықтарды жинап алудың бір күндік акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алты жүзден астам адам ескі дәрі-дәрмек, лампа, термометр және жарамсыз киімдерін өткізді. Қазір Украинада қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу мәселесі өзекті. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың «жасыл» бастамасын қала тұрғындары қолдап келеді. Елде қоқысты пешке жағып, залалсыздандыратын жалғыз-ақ зауыт жұмыс істейді. Ал өңдейтін ірі кәсіпорын жоқ.

Ресми мәліметке қарағанда, бір жылда Украина тұрғындары 16 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық шығарады. Оның 95 проценті жерге көміледі. Ал батарея тәрізді қауіпті қалдықтарды Украина тек былтыр ғана сырт елге тасымалдай бастаған.

Максим Бобруенко, «Жасыл инвестициялар» қоғамдық ұйымның басшысы:

– Өткен жылы Украина 142 тоннаға жуық батареяны утилизациялау үшін шет елге тасымалдады. Бұл аз емес. Алайда Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша жыл сайын елге 3 мың тонна батарея импортталады. Демек оның тек 5% ғана қайтадан өңделеді. Бұл ретте, алда атқаратын жұмыс әлі көп.

Татьяна мен Елена – Киевтегі қаупті тұрмыстық қалдықтарды жинауға қатысты бір күндік акцияға белсенді қатысушылар. Екеуі де қоқысты өз үйлерінде сұрыптайды. Олар енді осы мәселенің мемлекет деңгейінде қолға алынғанын қалайды. Ал бүгінгідей бір күндік акциялар табиғат ана үшін үлкен көмек.

Елена, Киев қаласының тұрғыны:

– Қоқысты сұрыптап, арнайы орындарға тапсырмаймын тұрғындарды түсінуге болады. Өйткені Украинада бұл ыңғайсыз. Еуропада айталық лампа, батарея сияқты қауіпті қалдықтарды сұрыптайтын арнайы орындар жеткілікті. Бізде үш ай бойы сақтап, өзің үйіңде сұрыптап, қабылдайтын орындарды іздеп жүресің.

Татьяна, Киев қаласының тұрғыны:

–Жарты жылда жинаған заттарды өткізіп тұрмын. Оның ішінде мерзімі өткен дәрі-дәрмек пен ескі киімдер бар.

Бір күндік «Сдайлампу» акциясына алты жүзден астам адам қатысты. Тұрғындар ескі дәрі-дәрмек, лампы, термометр сияқты қауіпті қалдықтарды өткізді. Ұйымдастырушылар тұрғындардан жиналған бұл заттарды қоқыс өңдейтін зауыттарға жөнелтпек.

Виктория Норенко, іс-шараны ұйымдастырушы:

– Картон қағаз өңдейтін фабрикаға, бөтелкелер полиэстер жасайтын зауытқа, батареялар Румынияға, лампалар Львов өңіріндегі зауытқа, полиэтилен Киев өңіріндегі гранула жасайтын зауытқа жөнелтіледі. Осылайша бүгін тонналап жиналған қалдықтардың барлығы қауіпсіз залалсыздандырылады.

Мәліметке сәйкес елде 6 мың қоқыс орны ресми тіркелген, ал тіркелмегені 35 мың.

Мамандардың айтуынша, полигондардың 99 проценттен астамы еуропалық талаптарға сай келмейді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко