Үндістан шекарасы вакцина салдырған саяхатшыларға қайта ашылды

Үндістан коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алған шетелдік саяхатшылар үшін шекарасын ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейінгі уақытта елдегі эпидахуал тұрақтала бастаған. Былтыр Үндістанға 3 миллиондай шетелдік демалушы келген екен. Бұл пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 75 процентке аз. Сондықтан саланы қайта жандандыру үшін билік шекараны ашуды ұйғарған. Келесі жылдың көктеміне дейін 500 мың тегін виза беруді жоспарлап отыр. Азиядағы тағы бір мемлекет - Камбоджа да бүгіннен бастап екпенің екі компонентін қабылдаған шетелдік саяхатшылар үшін шекарасын ашты. Енді демалушылар 14 күндік карантиннен босатылады.

Хинг Сарит, мейрамхана иесі:

– Туристердің қайта оралатыны жақсы болды ғой. Мейрамханада барлық санитарлық талаптар сақталады. Қонақтар қауіпсіздігі үшін алаңдамаса болады. Сондай-ақ демалушыларды көптеп тарту үшін ас мәзірін де жаңартып жатырмын.