Әлемді адамның иммунитет тапшылығының вирусы жайлап барады

Иммун тапшылығы вирусы біздің ел ғана емес әлемді жайлап барады. Африкада бұл жағдайға коронавирус пандемиясы себеп болды дейді  БҰҰ-ның өкілдері. Өйткені кейінгі уақытта денсаулық сақтау саласы түгелдей КОВИД-19-бен күреске жұмылдырылған.

Ендігі бір қызық ғалымдар коронавирус адамның иммун тапшылығы вирусымен күреске «өз септігін тигізгенін» де айтады.

Ғалымдар әлемді дендеген КОВИД-19 адамның иммун тапшылығы вирусын емдеуге «оң әсер етті» дейді. Мәселе мынада. Коронавируспен күресте матрицалық РНҚ-вакциналар өз тиімділігін көрсеткен. Өндірушілер бұл технологияны адамның иммун тапшылығы вирусымен күресте де неге қолданып көрмеске деген ойға келген. Сөйтіп, американдық Модерна компаниясы тиісті екпе жасап шығарған. Қазір оны клиникалық сынақтан өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Олар 2023 жылдың көктеміне дейін жалғасуы тиіс. Зерттеуге Модернамен қоса бірнеше ірі ұйымдар да қатысып жатыр.

Барт Хейнс, DUKE UNIVERSITY HUMAN VACCINE INSTITUTE директоры:

- Вакцина арқасында адам ағзасында антиденелер пайда болса, олар иммун тапшылығы вирусын ары қарай таралмай тұрып жеңуі мүмкін деген үміт пайда болады. Шыны керек, біз коронавирусқа қарсы препараттар секілді бұл екпенің тиімділігі 100 немесе 90 процент болады деп отырған жоқпыз. Алайда көрсеткішті 50-60 процентке жеткізсек, бұл бүкіл адамзат үшін үлкен жетістік болар еді. 

Жалпы адамның иммун тапшылығы вирусына қарсы 40-тан аса вакцина клиникалық сынақтан өткен. Бірақ бәрінің тиімділігі төмен болып шыққан. Сондықтан матрицалық РНҚ-технологиясы негізіндегі жаңа екпеге үміт зор. Ал әзірге  иммун тапшылығы вирусы бар адамдарды емдеуде антиретровирустық терапия қолданылады. Бұрынмен салыстырғанда ол айтарлықтай өзгерген. Мәселен, алғашында емделушілер уыс-уыс дәрі ішетін болса, бүгінде препаратты күніне бір рет қабылдау жеткілікті. Статистика бойынша, иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адам жылына 1500 мың таблетка қабылдайды екен. Бұл әрине өте көп. Сондықтан қазір АҚШ, Канада мен Еуропа елдерінде антиретровирустық терапияны инъекция түрінде жүргізу жағы қолға алынып жатыр. Ғалымдар ондай дәріні 1-2 айда бір салса жеткілікті дейді. Алдағы уақытта тіптен жарты жылда бір рет егу жоспарланып отыр.

Евгений Качман, Тель-Авивтегі «Ихилов» ауруханасының жетекші инфекционист дәрігері:

- Адамның иммун тапшылығы вирусын емдеуде біз препараттарды қабылдау жиілігін минималды көрсеткішке дейін жеткіздік. Яғни қазір науқастар күніне бір рет қана дәрі қабылдайды. Денсаулығына қатысты қосымша проблемалары барлары тәулігіне 2 рет ішуі мүмкін. Ең бастысы - дәрілердің жанама әсері жоқ десек болады. Бұл да өте маңызды.

Жалпы БҰҰ-ның мәліметіне сәйкес, былтыр әлемде адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандар саны 37 миллионнан асып кеткен. Инновациялар арқасында кейінгі жылдары науқастардың өмір сүру ұзақтығы артқаны сөзсіз. Ал диагностика мен емдеудің қолжетімділігі өлім-жітім көрсеткішін 2004 жылмен салыстырғанда 64 процентке азайтқан.

Ғалымдар кейбір адамдар вирус жұқтырғанын білмей ұзақ жылдар бойы жүре беруі мүмкін екенін айтады. Сондықтан ең бастысы, вирусты неғұрлым тез анықтау дейді мамандар. Сондай-ақ алдын алу шаралары жайлы ұмытпау керектігін де еске салады.

Жұлдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалықова