Британияда вакцинаның үшінші компонентін салу басталады

Ұлыбританияда 40 пен 49 жас аралығындағы адамдар коронавирусқа қарсы екпенің үшінші компонентін ала бастайды. Бұдан бөлек биліктегілер жасөспірімдерге екпенің екінші компонентін салуға рұқсат етті.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Қыстың суық айларында халықтың иммунитетін нығайту үшін билік осындай қадамға барып отыр. Бұған дейін 50 жастан асқандар мен денсаулығында кінәрат бар адамдардың және алдыңғы шепте жұмыс істейтін ақ халаттылардың ғана үшінші дозаны салдыруға мүмкіндігі бар болатын. Қамал алар жастан асқандарға қосымша компонент ретінде Pfizer-Biontech немесе Модерна екпелері ұсынылады.

Иммунитетті күшейту үшін соңғысының, жарты дозасын салса да жетіп жатыр дейді мамандар. Соңғы мәліметтерге сәйкес, бустерден кейін ковидті жұқтыру қаупі 93 процентке төмендейді екен. Оны екінші компоненттен кейін 6 ай өткен соң алған жөн.

Вэй Шэнь Лин, Ұлыбританияның вакциналау және иммундау жөніндегі біріккен комитетінің төрағасы:

- Зерттеулер бустерлік екпе коронавирусқа қарсы иммунитетті айтарлықтай және ұзақ уақытқа дейін күшейтетінін көрсетіп отыр. Сондықтан біз үшінші компонентті салдыру құқығына ие адамдарды өз мүмкіндігін жіберіп алмауға шақырамыз. Бустерлік дозаны алу үшін  бұған дейін егілген екпелердің қандай болғаны маңызды емес.

Мамандардың пікірінше, ревакцинация науқаны сәтті өтіп, иммунитет күшейсе, миллиондаған адамның биылғы қыстан аман-есен өтуі мүмкіндік болмақ. Коронавирус алдын ала болжам жасауға келмейтін кесел, сондықтан уақыт жоғалтпауымыз керек, дейді биліктегілер. Сонымен қатар бұған дейін жалғыз доза жеткілікті деп шешкен дәрігерлер енді жасөспірімдерге екпенің екінші компонентін салуды жоспарлап отыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Бұған дейін жасөспірімдер жүректің қабыну ауруына шалдығуы мүмкін деген қорқыныш мамандарды мазалағанықтан тек бір дозамен шектелген едік. Бірақ қазір қауіп сейілді. Тәуелсіз Вакциналау және иммундау жөніндегі біріккен комитеттің ұсынысына сәйкес 16 және 17 жастағы балаларға бірінші компоненттен кейін 12 апта өткен соң екіншісін салуға жағдай жасаймыз.

Бустерлік доза туралы мәлімет ковид-төлқұжатқа жазылып, шетелге еркін қатынау мүмкін болмақ. Үш екпені алған адам ғана толық вакциналаудан өткен болып есептеледі, деді Премьер-министр. Бүгінге дейін бустерлік дозаны 13 миллионға жуық халық қабылдаған.

Ғалымжан Қараманұлы

Сондай-ақ...