430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ресейлік туристер вакцина салдыру үшін Хорватияға барып жатыр

  • 67
  • UPD: 14:43, 16.11.2021
Ресейлік туристер вакцина салдыру үшін Хорватияға барып жатыр

Ресейлік туристер коронавирусқа қарсы вакцина салдыру үшін Хорватияға барып жатыр. Олар сол елде Еуроодақ мақұлдаған препараттарды тегін салдыра алады.

Айтуларынша, осының арқасында Еуропаға еш кедергісіз кіруге болады.

Хорватия қазір ресейліктерді шипажайларымен ғана емес, сондай-ақ вакцина салдыру мүмкіндігімен де ерекше қызықтырып отыр.

Неда Ференчич, вакциналау орталығының басшысы:

- Биылғы жылдың сәуірінен қазанына дейін 4908 шетел азаматы вакцина салдырған. Арасында орыстар көп. Осы айдың өзінде мыңға жуық ресейлік екпе жасатқан.

Хорватияға вакцина туры 36 мың рубльден басталады. Бұл шамамен 214 мың 200 теңге. Оған ұшақ билеті, тұратын жер, медициналық сақтандыру және вакциналау орталығына көлікпен жеткізу құны кіреді.

Анна Филатовская, туристік агенттіктің PR-менеджері:

- Сұраныс өте жоғары. Рекордты көлемде өсіп жатыр. Қазір күніне 50 адамға дейін рәсімдейміз.

Бұрын екпе алмағандар «Джонсон энд Джонсон» препаратын, ал вакцина салдырғандар «Пфайзерді» таңдайды. Ресейліктер болса, бұл екінші жағынан Еуропаны аралауға мүмкіндік береді деп отыр.

Игорь, ресейлік турист:

- «Пфайзердің» бустерлі дозасын алғалы тұрмын. Бұл карантинсіз, тестісіз Еуропаны саяхаттауға мүмкіндік береді.

Наталья Нокс, Мәскеу тұрғыны:

- Бұл ресейлік вакциналарға сенбеу дегенді білдірмейді. Кейде Еуропаға баруға тура келеді. Сонда Хорватияда вакцина салдыру - жақсы мүмкіндік.

Ресейліктер Хорватияда вакцина салдыру үшін әдетте 2 күндік турды таңдайды. Кейбірі әрі қарай демалып, тіпті көршілес Словенияға өтіп кетеді.

Ернат Қашқынов

Хабар 24 телеарнасы