Грузияда оппозиция наразылық шерулерін өткізіп жатыр

Грузияда 6 жылға сотталған Михаил Саакашвилиді босатуды талап еткен оппозиция наразылық шараларын өткізіп жатыр. Ал бұрынғы президетнке қарсы қозғалған жаңа қылмыстық іс бойынша соңғы отырыс қайтадан оның қатысуынсыз өтті. Бұған жауап ретінде Саакашвили жақтастары Тбилиси көшелерімен шерумен өтіп, қаладағы көлік қозғалысын бөгеп тастады. 

Шерушілер қаладағы басты жолдардың бірі Тбилисидің сол жағалауын бұғаттады. Нәтижесінде көлік қозғалысы тоқырап қалды. Белсенділер екі жағалауды да бөгеп тастайтынын алдын ала ескерткен болатын. Алайда тәртіп сақшыларын шатастыру үшін шеруі кезінде бірнеше мәрте бағдарын өзгертті. Шерушілер Саакашвилиді түрмелік госпитальдан азаматтық көп бейінді ауруханаға ауыстыруды талап етіп отыр.

Мэгги Бирджуашвили, шеруші:

- Грузияның үшінші президентін босатқымыз келеді. Бірақ шарамыз бейбіт өтетінін ерекше айтып отырмыз.  

Түрмелерді бақылау қызметі тәртіпсіздікке жол бермеу үшін Саакашвилиді қайта сот отырысына жіберген жоқ. Прокуратура 3 миллион доллардай мемлекеттік қаражатты мақсатына сай  пайдаланбағаны үшін бұрынғы президентке айып таққан. Жалпы Саакашвилиге қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Қызметін асыра пайдалану және оппозициялық шеруді күшпен тарату үшін айыпталып отыр. Екі сағатқа созылған наразылық шеру бұл жолы президент әкімшілігі ғимараты алдында аяқталды.

Белсенділердің айтуынша, осындай шаралар күн сайын ұйымдастырылмақ. Ал билік өкілдері Саакашвили жақтастары денсаулығын сылтаулатып, елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды мақсат етеді дейді.

Арчил Талаквадзе, «Грузин арманы» партиясының өкілі:

- Михаил Саакашвили тағдыры мен денсаулығын уайымдаған барша жұртқа айтқым келеді. Оған қандай арнайы ем-дом қажет екені туралы бір де бір дәйек келтірген жоқ. Аштық жариялаған тұтқын ретінде үздік еурпалық технологияларға сай үнемі денсаулығын қадағалап келеді. Ал сайлауда ұтылғандықтан елдегі жағдайды шайқату үшін оларға сылтау керек. 

Грузияда наразылық шаралар бір айдан аса уақыт жалғасып келеді. Бұған қоса елде эпидахуал да нашарлады. Күн сайын коронавирустан 70-тен аса адам қайтыс болып жүр. Балалар арасында да дерт жұқтыру көбейіп кетті. 100 науқастың он бесі бала мен жасөспірім. Вакциналау қарқыны дав төмен. Бүгінде халықтың тек 34%-і екі екпе алған. Ауруханалар толып кеткендіктен елде дала госпитальдері ашылуы мүмкін. 

Юлия Тужилкина