435,77 493.30 5,9
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әлем елдерінде келесі айдан бастап бустерлі вакцина салынады

  • 109
  • UPD: 22:37, 16.11.2021

Әлем елдері індеттің өршуіне тосқауыл қою үшін бустерлі вакцинаға ден қойып жатыр. Сонымен қатар кішкентай балаларды да вакциналау қарқын алды. Ал Еуропада екпе салдырмаған азаматтарға біршама шектеулер бар. Мысалы, Австрияда вакцина алмаған тұрғындар үйлерінен тек белгілі себептермен шыға алады. Мұндай шектеу Францияда да енгізілуі мүмкін.

Қыста науқастар санының артуынан қауіптенген мемлекеттер бустерлі вакцинаға ден қойып жатыр. Жапонияда желтоқсан айының 1-інен күшейткіш доза салу науқаны басталады. Алдымен медицина қызметкерлері егіледі. Ал келесі жылдың қаңтар айында қарттарды егу жоспарланып отыр. Бірақ 18 жастан асқан кез-келген азамат та үшінші доза салдыра алады. 

ҮШІНШІ ДОЗА АЛАТЫН АЗАМАТТАРДЫҢ ЖАСЫ ҰЛҒАЙТЫЛДЫ

Ал Ұлыбритнаияда ковид-19ға қарсы ұжымдық иммунитетті күшейту үшін қосымша доза алатын азаматтардың жас мөлшері ұлғайтылды. Енді елде 40 пен 50 жас аралығындағы азаматтар да екпенің үшінші дозасын ала алады. 16-17 жастағы балаларға екпенің екінші дозасын алуға рұқсат етілді. Бұған дейін біріккен корольдікте тек жасы 50-ден асқан тұрғындар ғана бустерлі вакцина ала алатын. Елде қазірге дейін 10 миллион адам үшінші доза салдырған. 

Вей Шен Лим, Ұлыбритания вакциналау және иммундау жөніндегі бірлескен комитетінің басшысы:

– Бустерлі вакцина адамның коронавирусқа қарсы иммунитетін күшейтіп, дерттің ауыр түрінен сақтайтынын көрсетіп отыр. Сондықтан біз бустерлі доза алуға құқы бар азаматтарға үшінші доза алуға кеңес береміз. 

ХАЛЫҚТЫ ҚАЙТА ЕГУ ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Израильде індеттің өршуінен сақтану үшін бүкіл халықты қайта егу қолға алынды. Себебі қыркүйектен бері елде эпидемиологиялық ахуал нашарлаған. Зерттеулер де екпе салдырған адамдардың дертке қарсы қорғанышы 6 айдан кейін әлсірейтінін көрсеткен. Бұдан бөлек 5-пен 11 жас аралығындағы балаларды да вакциналау қарастырылып жатыр.

БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ВАКЦИНА САЛЫНЫП, ШЕКТЕУЛЕР ЕНГІЗІЛДІ

Австрия билігі де Ковид-19-ға қарсы 5 пен 11 жас аралығындағы балаларды егуді бастады. Бірақ әзірге науқан ел астанасы Венамен шектелмек. Кішкентайларға Файзер вакцинасы салынып жатыр. Бұл елде кеше науқастар санының артуына байланысты вирусқа қарсы егілмеген азаматтарға жалпыұлттық локдаун енгізілген. Тәртіпке сай вакцина салдырмаған 12 жастан асқан азаматтардың барлығына себепсіз үйден шығуға тыйым салынады. Тәртіп бұзғандарға 500 еуро айыппұл қарастырылған. 

Кристина, зейнеткер:

– Менің ойымша бұл өте дұрыс шешім. Өйткені ғалымдар індетті тек вакцина арқылы жеңуге болатынын айтып отыр. Сондықтан бұрынғы өмірге тезірек оралу үшін халықтың барлығы егілуі керек. 

ЕКПЕ САЛДЫРМАҒАНДАР МЕКЕМЕЛЕРГЕ КІРЕ АЛМАЙДЫ

Грекияда да вакцина салдырмаған азаматтарға шектеу енгізілді. Жаңа тәртіпке сай бұл азаматтар мемлекеттік органдар, дүкендер, мейрамхана мен банк және ойын-сауық орындарына кірмейді. Заңды бұзған мекемелер 5 мыңға дейін айыппұл төлеп, 2 аптаға жабылады.

ШЕКТЕУЛЕР ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР

Науқастар саны артқан Францияда да вакцина салдырмағандарға шектеу енгізу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Елде вирус жұқтыру көрсеткіші тәулігіне 10 мың адамнан асқан. 

Поль Россинье, Париж тұрғыны:

– Екпе салдырмағандарға шектеу енгізу жақсы идея. Қалай дегенмен жалпыұлттық шектеу болмас үшін оларға қысым көрсетілуі керек.

Хабар 24 телеарнасы