Германияда коронавирус қайта өршіді

Германияда эпидахуал қиындап барады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мұндағы ел індет басталғалы бері болмаған жағдайды бастап кешіп жатыр. Өйткені вирус жұқтырғандар саны күн сайын өсіп келеді. Билік енді вакцинаны міндеттеуді ойластыра бастады. Локдаун жариялау мәселесі де күн тәртібінде тұр. Қазір шектеу шаралары күшейтілді. Мәселен, ел астанасында екпе алмаған азаматтар енді кафе, бар, кинотеатрларға кіре алмайды. Бұл аздай, келесі аптадан бастап қалада тағы жаңа ереже күшіне енбек. Ол «2Г плюс» деп аталады. Ауруынан айыққандар мен вакцина алғандар қоғамдық орынға кірер алдында ковид-төлқұжаттан бөлек, теріс нәтижелі ПТР тест анықтамасын да ұсынуы керек. Ал қолында теріс нәтижелі тесті бар, бірақ екпе салдырмаған болса, ешқайда кіре алмайды. Тек дәріхана мен азық-түлік дүкендеріне баруына рұқсат етіледі. Мұндай тәртіп қазірдің өзінде Германияның бірнеше өңіріне енгізілген. Вакцина салдырмаған азаматтарға Германияда локдаун жарияланды деуге болады. Ел билігі екпе алмаған азаматтарды тезірек вакцина салдыруға шақырып жатыр. Кей компаниялар өз қызметкерлерін препарат қабылдауға ынталандыру үшін қаржылай сыйақы беретінін хабарлады.

Динило Фрасиак, басқарма мүшесі:

– Жыл соңына дейін екпе қабылдаған әр қызметкерімізге 5 мың еуродан беріледі. Бұл шара азаматтардың денсаулығын қорғап, вирустың алдын алу үшін жасалып отыр. Біз үшін ең маңыздысы осы.

Сарапшылардың айтуынша, Германияда жаңа локдаун жариялау қажет. Бірақ саясаткерлердің көбі індетпен күресудің бірден бір жолы – халықты вакциналау екенін алға тартып отыр. Бүгінге дейін елде халықтың 67 проценті толықтай екпе салдырған. Бірақ бұл Дания, Испания және Португалиямен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш.

Ангела Меркель, Германия канцлері міндетін уақытша атқарушы:

– Вирус жұқтырғандар саны рекордтық деңгейге жетті. Жансақтау бөліміне түсіп жатқандар қатары да артуда. Өкінішке қарай, өлім деректері өте көп. Бізді өте қиын кезең күтіп тұр. Індет басталғанда қолымызда инфекцияға қарсы дәрі болмап еді. Енді ол бар. Сондықтан азаматтарды вакцина алуға шақырамын.

Шектеу шараларын күшейтуден бөлек, Германияда қазір міндетті вакцина жағы да жіті талқыланып жатыр. Мәселен, медицина мамандары, қарттар үйінің қызметкерлері мен әскерилер екпе алуға міндеттелуі мүмкін. Десе де, аталған заң қабылдана ма, жоқ па, ол алдағы күндері белгілі болады.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский