Лукашенко: Заңсыз келген босқындарды өз еліне қайтарамыз

Польша елінің прокуратурасы шекарадағы босқындардың шабуылынан кейін қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Мигранттардың қолданған қарулары заттай айғақтар ретінде сақталып отыр. Беларусь пен Польша шекарасындағы ахуал ушығып барады. Кеше босқындар Польша аумағына шабуылдап кірмек болды. Тәртіп сақшылары мигранттарды көз жасаурататын газ бен су шашып тоқтатқан. Тіпті қаумалаған жұрт шекара дуалын бұзып, полицияға шөлмек пен тас  жаудырған.  Польша қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша кейбіреулер тіпті дыбыстық гранаталармен де қаруланған. Рейтер ақпарат агенттігі бірнеше тәртіп сақшысы зардап шегіп, ауруханаға түскенін хабарлады. Көбісі басынан жараланған.

Анна Михальская, Польша шекара қызметінің баспасөз хатшысы:

– Мигранттардың дыбыстық гранталарды лақтырғандарын көрдік. Босқындар қаруды өз елінен әкелді деп ойламаймын. Оны Беларусь елінен алғаны айдан анық.

Польшаның ішкі істер министрлігі Беларусьтың қарулы күштері екі ел арасындағы қоршауды бұзбақ болғанын айтады. Александр Лукашенко болса, Еуроодақ елдері тарапынан тағылған айыпты еш мойындамай, кірмелерді әдейі Беларусьте жинап жатпағанын алға тартады.

Александр Лукашенко Беларусь республикасының президенті:

– Әлемнің түкпір-түкпірінен босқындарды жинап елге әкеп жатқан жоқпын. Кез келген мемлекет сияқты Беларуське заңды түрде келген мигранттарды қабылдап жатырмыз. Ал заңсыз келген кірмелерді өз еліне қайтарамыз. Күні бүгінге дейін 5 мыңға жуық адам департацияланды.

Айта кетейік, қазір Польша шекарасын 20 мыңға жуық сарбаз күзетіп тұр. Кузница елді мекеннің маңына шамамен 4 мыңға жуық босқын жиналған. Олардың дені Ирак, Ауғанстан мен Таяу Шығыс елдерінің азаматтары. Мигранттардың айтуынша, Беларусь билігі оларды кері қабылдамай жатыр.