Үндістан ауаның ластануына байланысты локдаун енгізеді

Әлемде климаттың өзгеруі адам денсаулығына қауіп төндірді. Ауаның ластануынан дүние жүзінде жыл сайын 7 миллион жан көз жұмады. Мысалы, Үндістан астанасының билігі көк түтіннен қорғану мақсатында мектептерді жауып, локдаун енгізеді.

Әлемде ауасы ең лас қаланың бірі Нью-Дели. Үндістан астанасы көк түтінге жиі оранады. 22 миллион тұрғыны бар алып шаһарда ауа сапасы тағы нашарлап, қала билігі мектептерді жауып, локдаун енгізуге дайындалып жатыр. Ауруханаларда тыныс алу жолдары ауырып түскен тұрғындар көбейген. Қалада көлік қозғалысы шектеліп, құрылыс алаңдарының жұмыс күні қысқартылған. Мамандар ауаның ластануына қала шетіндегі көмір электр станциялары мен қоқыс жағу себеп дейді. Өткен аптадағы Дивали мерекесі кезінде отшашу мен бидай сабағын жағу рәсімі де жағдайды ушықтырған.

БЛИЦ

- Біз күн көру үшін қандай ауа райы болмасын кәсібімізді істеуге шығамыз. Бірақ тұншыға бастадық. Үкімет шұғыл шаралар қабылдауы керек.

- Түтіннен дем ала алмайсың. Көзің ашиды. Бұдан қалай құтылуға болады. Бірақ үйден шықпасақ қалай күн көреміз. 

Бейжіңдегі ауа сапасы жақсара түскен

Көк түтіннен жиі зардап шегетін алып шаһардың бірі Бейжің. Кей кездері қалада ауаның ластануы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының адамға қауіпті деген межесінен жүздеген есе асып кетеді. Бейжіңдегі жағдайға көлік, көмір электр станциялары және металлургиялық сала себеп. Бірақ билік шаһардағы ауа сапасы едәуір жақсарғанын айтады. Оған үкіметтің 2013 жылы шұғыл әрекет ету жоспары ықпал еткен. Мысалы, лас зауыттар жабылып кейбірі өзге жерлерге көшірілген. Ескі көліктерді пайдалану шектелген.

Оңтүстік Африка Республикасында халық көмірден көп зардап шегеді

Оңтүстік Африка Республикасының экономикалық орталығы саналатын Йоханнесбург қаласы да ең ластанған шаһардың бірі саналады. Оған көмір шахталары мен отын пайдаланатын электр станциялары себеп. Қала ауасынан үнемі күкірт сезіліп, көмір күліне көміліп жатады. Салдарынан балалар мен ересектер арасында тыныс аурулары көп кездеседі. Оңтүстік Африка республикасы электр энергиясының 80 процентін көмірді пайдалану арқылы алады. 

БЛИЦ

- Мұндай жерде өмір сүру мүмкін емес. Лас ауадан мұрнымыз бітеліп, денеміз қызып жиі ауырамыз. Дәрі сатып алуға мүмкіндігі жоқ адамдарға тіпті қиын.

- Көмір мен шаң тозаңнан демалу өте ауыр. Бұған қоса ол жерлерден түтін шығып жатады. Мұндағы адамдардың денсаулығы нашарлаған.

Белград ауасын ескі көліктер ластап жатыр

Сербия астанасы Белград та ауасы қатты ластанған қалалар қатарында. Шаһардың көк түтінге көмілуіне көбіне ескі көліктер мен жылу электр станциялары себеп. Оның үстіне мемлекет таулы жерде орналасқандықтан жел соқпай зиянды қалдықтар қала төбелеріне жиі шоғырланады.

Еурокомиссия екі қаланы сотқа берді 

Кәрі құрлықта ауа сапасы төмен қалалар көп. Жақында Еуропалық комиссия Португалияның Лиссабон мен Порту шаһарын сотқа берді. Себебі қала билігі ауа сапасын жақсартуға тиісті шаралар қабылдамай отырған көрінеді. Дизельді көліктің көп болуынан ауада зиянды қалдық мөлшері шамадан тыс артып, жергілікті тұрғындардың денсаулығына кері әсер еткен.

Ауаның ластануынан 300 мыңнан аса адам көз жұмады

Жалпы Еуроодақ аумағында қоршаған ортаның ластануынан жыл сайын 300 мыңнан аса адам көз жұмады екен. Өлім көбіне көліктер мен жылу электр станциялары шығаратын дикосид азоты мен басқа да зиянды қалдықтардың әсерінен болады. Бірақ сарапшылар өткен ғасырдың соңынан бұл көрсеткіш азайып келе жатқанын айтады.

Сондай-ақ...