Түркияда лира қайта құнсызданды

Түркияның ұлттық валютасы алтыншы күн қатарынан құнсызданып, төл ақша ең төменгі деңгейін жаңартты.

Сәрсенбі күні лира долларға шаққанда 4% төмендеді. Ұлттық валютаның құнсыздануы инфляция деңгейінің өсуімен байланысты. Бұл жағдай, әсіресе импорттық тауарларға қатты әсер етіп отыр. Сондай-ақ елде азық- түлік пен коммуналдық қызметтер құны көтерілген. Айта кетейік, алдағы күндері Түркияның Орталық банкі пайыздық мөлшерлеме бойынша отырыс өткізбек. Ал, үкімет- нарықтағы жағдай өткінші деп сендіреді.

Лүтфи Элван, Түркия Қазынашылық және қаржы министрі:

– Өкінішке орай, инфляция бойынша қалаған деңгейде емеспіз. Басты мақсат, баға тұрақтылығы. Инфляцияға қарсы табанды күресіп, ішкі сұраныстың дамуын жіті қадағалап, қажет болған жағдайда кідіріссіз макропруденциалдық шараларды қабылдап жатырмыз. Күресіміз валюта бағамын тұрақтандырып, тәуекел ставкасын түсіретініне сенімдімін.

Хатже Экмекчи, Анкара қаласының тұрғыны:

– Доллардың қымбаттауы әрбірімізге әсер етті. Тауарлардың доллар бағамымен тікелей байланысты болуы бүкіл тұрмыстық тауарлардың құнына әсер етіп отыр. 1 доллардың да 10 лираға жетуі жанармайдан бастап барлық салаға әсер ететіні анық.

 

 

Сондай-ақ...