Францияда коронавирустың бесінші толқыны басталды

Бұл туралы ел үкіметі мәлімдеді.

Өйткені індет қайта өршіп жатыр. Соңғы аптада бір күнде індет жұқтырғандар саны 50 процентке өскен. Вирусты жаңадан жұқтырғандар саны 20 мың адамға жетті. Бұл өткен бейсенбіге қарағанда 60 процентке артық. Билік бесінші толқынды тиімді еңсеру үшін тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын салдыруға және санитарлық талаптарды бұлжытпай ұстануға шақырып әлек. Бұған дейін 50 миллион адам 2 дозаны, ал 51 миллионнан астамы бірінші дозаны алған. Жалпы алғашқы компонентті қабылдау көрсеткіші 20 процентке артқан.

Габриэль Атталь, Франция үкіметінің ресми өкілі:

- Елімізде бесінші толқын жүріп жатыр. Сіздер менен қандай да бір шаралар қабылдана ма деп сұрайсыздар, қайталап айтамын, қосымша шектеулердің енгізілуін жоққа шығара алмаймыз, бірақ дәл қазір қатаң шаралар қабылдау жоспарымызда жоқ. Біз әр толқын келген сайын, індетпен тиімді күресуге дағдыландық.

Екпе салдырмағандар еркінен айрылуы мүмкін

Чехия республикасында да ковид өршіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы дерегі бойынша бір күнде 22 мың 479 адам індет жұқтырған. Осыған байланысты өлім-жітім де көбейіп, ауруханаға түскендер саны артқан. Чехия үкіметі эпидахуалдың ушығуына байланысты вакцина салдырмаған тұрғындар үшін жаңа локдаун жариялауы мүмкін екенін ескертті.

БЛИЦ:

- Біздің үкімет елдегі эпидахуалды дұрыс бағамдай алмай отыр. Науқастар саны көбейіп барады. Бірақ бұл ешкімді алаңдатпайтын сияқты. Қабылданып жатқан шараларға көңілім толмайды.

- Мен 3 дозаны да салдырып алғанмын. Сондықтан аса қорықпаймын. Алайда вакцина салдырса да, ковид жұқтырғандар бар.