434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Миграциялық дағдарысты Беларусь пен Еуроодақ бірлесе шешу керек – саясаткерлер

  • 108
  • UPD: 10:56, 18.11.2021
Миграциялық дағдарысты Беларусь пен Еуроодақ бірлесе шешу керек – саясаткерлер БелТА

Беларусь президенті Александр Лукашенко мен Германия канцлері міндетін уақытша атқарушы Ангела Меркель осы аптада екінші мәрте телефон арқылы сөйлесті.

Саясаткерлер Еуропадағы миграциялық дағдарысты Беларусь пен Еуроодақ бірлесе отырып шешу керек деген пайымға тоқтады. Өз сөзінде Ангела Меркель мигранттарды өз елдеріне қайтару жұмысын БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы мен Миграция жөніндегі халықаралық ұйымдар арқылы шешу керек дегенді алға тартты.

Айта кетейік, екі ел арасындағы шекарада жиналған босқындардың көбін Беларусь билігі жуырда жылытылатын уақытша орталыққа көшірді. Брузги ауылына жақын орналасқан ғимаратқа мыңнан астам босқын жиналған. Қызыл крест ұйымы оларға азық-түлік, ауыз су мен төсек-орын таратып жатыр. Ал дәрігерлер медициналық көмек көрсетуде.

БЛИЦ:

- Күннің суығында далада жүргенше, жылы жерде отырған дұрыс.

- Көбі Иракқа қайтып жатыр. Мен де барар едім. Өйткені Польшаға барғанмен жағдайымыз түзелмейтін сияқты.

Ашық аспан астында түнеп жүргендердің қатары әлі де аз емес. Ақпарат көздері шекарада 2 мыңнан астам адам бар екенін хабарлайды. Көбі медициналық көмекке мұқтаж. Екі елдің де үкіметтік емес ұйымдары оларға барынша көмек көрсетіп жатыр. Ал журналистер екі елдің де енгізген шектеулеріне байланысты шекараға жақындай алмай отыр.

Хабар 24 телеарнасы