Қытай билігі коронавирусқа қарсы карантиндік шараларды жеңілдетпей отыр

Қытайда кезекті рет өршіген коронавирус індетінің таралуы бәсеңдеді.

Күн сайын ауруды жұқтырғандар саны азайып келеді. Алайда билік санитарлық шараларды жеңілдетпей отыр. Науқастармен араласқан адамдар дәрігерлік бақылауға алынады. Ал өзге уақытта болса да науқас болған орындарға барған барлық тұрғындар үйлерінде карантинде отыруы тиіс. 

Індеттің соңғы толқынан бері бір ай өтті. Алайда ережелер жеңілдеген жоқ. Араласқан адамдармен қатар науқастар болған жерге барған адамдар да оқшауландырылады. Осындай бір мекемеге барғаннан кейін бұл тізімге біздің арнамыздың түсіру тобы түсті.  Енді былтырғыдай отбасымызбен бірге 14 күн бойы үйден шықпаймыз. 

Қытайда науқастармен қатынаста болғандарды Биг дата көмегімен анықтайды. Бұл ұялы телефонның нөмірі бойынша жиналған деректер. Карантиндегі адамдардың жүріс-тұрысын да осылай қадағалайды. Енді біз тек ПТР-тест тапсыру үшін ғана үйден шыға аламыз. Алдау да мүмкін емес. Өйткені пәтер есігінің бейнекамера орнатылады. Оны тұрғын үйді басқаратын компания қызметкерлері бақылап отырады.   

Бірақ ешкім ереже бұзуға тырыспайды. Өйткені заң бойынша тәртіп бұзғандарға қатаң шаралар мен қомақты айыппұл қарастырылған. Тіпті арнайы оқшаулану орталығына жіберуі мүмкін. Мұнда екі апта өткізген адам шамамен бір мыңға жуық доллар төлейді. Ал егер карантин тәртібін бұзып, өзге адамдарға коронавирус жұқтырса, қылмыстық жазаға тартылады.

Егер ПТР-тест теріс нәтиже көрсетсе, карантинде отырудың не мәні бар дейтін заңды сауал туындайды. Алайда ауру белгілері әркімде әртүрлі өтетіндіктен тек оқшауландырудың арқасында жүз проценттік нәтижеге жетуге болады. ПТР-тесті төрт рет: карантиннің бірінші, төртінші, жетінші және соңғы күні тапсыру қажет. Күніне екі рет дене қызуымызды өлшеп, мәліметті үй басқару компаниясына жіберуге тиіспіз. Қоқысымызды да өздері шығарады. Алдымен оны дезинфекциялап, кейін контейнерлерге бөледі.

Бүгінде Қытайда ковидтен 1200-ден аса адам емделіп жатыр. Аурудың ауыр-жеңіл өтуіне қарамастан, барлық науқас ауруханаға жатқызылады. 43 мыңдай адам дәрігерлердің бақылаумен карантинде отыр.