АҚШ-тың 25 штатында коронавирус қайта өршіді

АҚШ-тағы эпидахуал қайтадан ушығып барады. Елдің 25 штатында қатерлі індет өршіп жатыр.

Мамандардың айтуынша, ковидпен ауырғандардың саны аптасына 82 мыңға дейін жетіп отыр. Бұл көрсеткіш өткен 2 аптамен салыстырғанда 11 процентке жоғары дейді. Дегенмен ауруханаға түсіп, қайтыс болғандардың саны әзірге тұрақталып келетін көрінеді.

Талғат Алманов, корреспондент:

- Біз тұрған Нью-Йорк қаласында халықтың 68 проценті толықтай вакциналанған. Бұл АҚШ-та екпе салдыру бойынша көш бастап тұрған 6 штат. Соған қарамастан, ковидпен ауырғандар саны өткен аптамен салыстырғанда 14 процентке өсті. Осылайша 2020 жылы пандемияның ошағы саналған Нью-Йорк 7 айдан бері болмаған деңгейге қайта түсті. Осы орайда вакциналанған адамдар не себепті ауырып жатыр деген заңды сұрақ туындайды.

Рошель Валенски, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының басшысы:

- Қолымыздағы зерттеулерге сүйенсек, бустердің, яғни ковид екпесінің үшінші дозасын алған адамның қатерлі індеттен барынша қорғалғанын көруге болады. Және керісінше, бір немесе екі дозаны алып, үшіншісін салмағандардың арасында ковид жұқтырғандардың саны едәуір жоғары. Ал мүлдем екпе салдырмағандарға келетін болсақ, ауруханаға түсіп жатқандардың дені солар.

Талғат Алманов, корреспондент:

- Індеттің қайта өршуі елдің 25 штатында байқалуда. Әсіресе солтүстік және батыс штаттардағы жағдай мәз емес дейді мамандар. Мәселен, Мичиган және Миннесотада ауырғандардың саны өткен 2 аптамен салыстырғанда 60 процентке өскен. Ал қарашаның соңында эпидахуал тіпті ушығуы мүмкін. Оған бірнеше себеп бар дейді мамандар: біріншіден індеттің таралуы күннің суыуына тікелей байланысты болса, екіншіден алғыс айту күні мен Жаңа жыл мерекесінде адамдар жиі бас қосады. Салдарынан вирустың таралуы күшейеді.

Ручина Беседе, дәрігер:

- Егер де жабық ғимараттың ішінде болсаңыз немесе қонаққа барсаңыз масқа тағып, сақтық шараларына мұқият болғаныңыз жөн. Қазіргі таңда ковидті жұқтырғандар жаз айларымен салыстырғанда 4-5 есе артып отыр. Арқаны кеңге салу әлі ерте.

Талғат Алманов, корреспондент:

- Мамандар қыс түскенге дейін америкалықтардың  толық вакциналанып, бустер дозасын алып үлгеруі маңызды деп отыр. Олай болмаған жағдайда эпидахуал қайта қиындауы мүмкін.

Талғат Алманов