Бішкекте ауа тазармай тұр

Қырғызстанның бас қаласы ауаның ластануы бойынша әлем елдерінің алдына шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Билік қабылдаған шараларға қарамастан, жыл сайын қыста қаланы қою түтін басады.

Экологтардың айтуынша, Бішкектегі ауаның денсаулыққа тигізетін зияны орасан. Тұрғындар биыл да осы проблеманы айтып алаңдауда. 

Қазан айында Бішкек ауаның ластануы белгіленген мөлшерден үш есе артқан әлемдегі үш қаланың қатарына кірген болатын. Ауадағы зиянды бөлшектер мөлшері бойынша тек Үндістанның Дели және Пәкістанның Лахор қаласы алда болған. Тозған автокөліктер, қаладағы жылу электр станциясы мен тұрғындардың көмір жағуы - қою түтіннің шығуының басты себебі.

Бішкек әкімшлігінің мәлімдеуінше, энергетикалық дағдарыс жағдайында бұл ахуалдың жақсаратын түрі жоқ. Электр қуаты жетіспегендіктен, көмірді көбірек жағады.

Максатбек Сазыкулов, Бішкек қаласының бірінші вице-мэрі:

– Бішкек жылу электр станциясы биыл көмірді әдеттегіден 600 мың тоннаға артық сатып алды. Мәселен, былтыр шамамен бір миллион тонна жақса, қосымша электр қуатын өндіру үшін бір миллион 600 мың тонна алатын болды.

Бұрынғы жылдары экологтар қала билігімен бірлесіп, ауаның ластануы мәселесін шешуге тырысқан. Арнайы бағдарламалар жүзеге асып, халыққа пеште қоқыс пен дөңгелектер жағуға болмайтынын түсіндіріп келген. Алайда биліктің энергетикалық дағдарысты еңсеруге шамасы жоқ. Қала тұрғындарының үйлерін жылытуы маңыздырақ болып тұр.

Мария Колесникова, «Move Green» экологиялық қозғалыстың басшысы:

– Қазіргі кезде ең бастысы халыққа денсаулығын қалай қорғау керектігін түсіндіру болып тұр. Иә, түтін тұрып, ауа лас болады, сондықтан сақтану қажет. Терезелерді ашпай, тек арасында ғана желдетіп, арнайы маскалар тағу керек. Әсіресе, ауа қатты ластанған кезде балаларды ашық алаңдарға жібермеген жөн.

Таяуда үкімет Бішкекте ауаның ластануымен күресетін төтенше салааралық комиссия құрды. Оны қала мэрі Айбек Джунушалиев басқарады.

Алайда экологтардың айтуынша, осыған дейін болған көптеген комиссиялар тек төтенше шаралар қабылдап, қаланы газдандыру секілді жүйелі жұмыс жүргізген жоқ. Министрлер кабинеті газбен жылытуға ауыстыруды уәде етіп отыр. Бірақ бұған 3-4 жылдай уақыт кетеді дейді.

Авторы: Бақыт Чермашев