Судандағы ереуіл кезінде 10-нан астам адам қаза тапты

Ел астанасы Хартумда тағы да ереуіл болды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Халық әлі де билікті басып алған әскерилерге наразылық танытты. Бірақ қауіпсіздік қызметі өкілдері көшеге шыққан жұртты таратуға тырысты. Ол үшін тіпті қару мен көз жасаурататын газ қолданған.

Ереуілшілердің ашуға булыққаны сонша баррикада құрып, от қойған. Осыған байланысты әскерилер бірнеше ауданды жауып, демонстранттарға оқ ата бастаған. Соның салдарынан 15 адам мерт болып, он шақтысы жарақат алыпты. Қазір қалада интернет пен ұялы байланыс жоқ.

Естеріңізге сала кетейін, қазанның соңында Суданда төңкеріс болды. Әскерилер билікті басып алып, премьер-министр Абдалла Хамдук пен үкіметтің бірнеше мүшесін қамауға алды. Осыдан кейін Хартумда он мыңдаған азамат көшеге шығып, төңкеріске қарсылық көрсетті.