Вашингтон штатының оннан астам округін су басты

Тынық мұхитының солтүстік-батысынан соққан дауылдан Британиялық Колумбия провинциясымен жапсарлас жатқан АҚШ-тың Вашингтон штатында да жауын селдетіп, соңы тасқынға ұласты, деп хабарлайды

«Хабар 24». 

Аймақтың 14 округіндегі мекендерді су басып, бір жарым мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. 150 мыңнан аса тұрғын жарықсыз қалды. Бұл аймақта да төтенше жағдай жарияланды. Ауа райын болжаушылар болса, алдағы уақытта жауын мен желдің екпіні күшейіп, тағы тасқын жүруі мүмкін деп отыр.

Деннелл Килмер, Седро-Вулли қаласының тұрғыны:

– Мұндай су тасқынын алғаш рет көрдім. Барлығы қас қағым сәтте болды. Бастапқыда сылдырлап келіп жатқан суға аса мән бермеп едік кейін оның қалай тасқынға ұласқанын байқамай қалдық.