Германияда бір күнде 65 мың науқас анықталды

Германияда коронавирусты жұқтыру бойынша кезекті антирекорд тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Пандемия басталғалы бері алғаш рет бір күнде 65 мыңнан астам науқас анықталды.

Вирусологтардың айтуынша, індеттің өршуіне «дельта плюс» штамының тарауы себеп болған. Ол вирустың өзге түрлерінен жұқпалы көрінеді. Германия тұрғындарының 67%-і толығымен вакциналанған. Алайда бұл эпидахуалды тұрақтандыру үшін жеткіліксіз болып тұр. Көптеген елді мекенде ауруханалар толып кетті. Мәселен, Берлиннің жан сақтау бөлімдерінде тек орындардың 7%-і ғана бос. Әсіресе Саксония өңірінде жағдай қиын. Мұнда жергілікті билік ертеңгі күннен бастап екпе алмағандарға өзге жұртпен араласуға шектеу салады. Сондай-ақ локдаун енгізу мүмкіндігі де қарастырылып отыр. Германияның көптеген өңірінде тек вакциналанған және ковидпен ауырып шыққан адамдарға қоғамдық орындарға баруға рұқсат. Саясаткерлер осындай ережені бүкіл ел аумағында қабылдауды талап етуде.  

Кристин, Берлин қаласының тұрғыны:

– Вакцина алу өте маңызды деп санаймын. Достарым мен туыстарымның барлығы екпе салдырған. Ал мен үшінші вакцина қабылдадым. Бәрін солай істеуге шақырамын. Өйткені алда қиын кезең күтіп тұр. Рождество мейрамын қонақ шақырмай қарсы алатын сияқтымыз.  

Диана, Берлин қаласының тұрғыны:

– Германия мен өзге елдерде заң күшіне ене бастады. Оған сәйкес вакциналанған және ауырып шыққан адамдар бүкіл жерге бара алады. Бұл мен үшін өте маңызды. Себебі әртүрлі елдерде жұмыс істеуім керек. Сол себептен өзіме екпе салдырдым.