Украинаға көмір Африка мен АҚШ-тан жеткізілетін болды

Украинада көмір азайып кетті. Соңғы бір аптада елдегі жылу электр станциялары жағатын отын қоры 100 мың тоннаға ортайған. Қазір 400 мың тоннаға жетер-жетпес көмір қалып отыр. Бұған дейін Қазақстанның көмірі құтқаратын. Биыл ол да жоқ. Тасымал тоқтатылған. Енді бұл елді электр дағдарысы діңкелеткелі тұр. Сонымен Украина көмір тапшылығын қалай шешпек?

Украина жылыту маусымында 2,8 млн тоннаға жуық энергетикалық көмірді тұтынады. Алайда энергетика және көмір өнеркәсібі министрлігінің мәліметі бойынша жылу электр станцияларындағы көмір қоры бүгінде нәбәрі 378 мың тоннаны ғана құраған. Сондықтан мемлекет көмір тапшылығын қатты сезе бастады және энергетикалық дағдарыс жайлы дау қоғамды соңғы аптада алаңдатып отыр. Президент Владимир Зеленский осы мәселеге қатысты арнайы мәлімдеме жасады. 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Мемлекет көмір тапшылығын табандылықпен еңсере бастады. Атап айтқанда, украиналық көмірден бөлек біз Панамакс кемесімен жақын уақытта көмір жеткізетін боламыз. Теңіз арқылы тасымалданған көмір биылғы жылдың соңына дейін энергетика саласының қажеттілігін толығымен өтейтін болады.

Осылайша Украина көмірді Америка мен Оңтүстік Африка елдерінен теңіз арқылы тасымалдауға мәжбүр. Атап өту керек, бірінші қарашадан бастап Ресей өз шекарасы арқылы Украинаға қазақстандық көмір тасымалын толығымен тоқтатты. 

Александр Кава, Украина қаржы министрінің орынбасары:

- Ресей темір жолдары Қазақстан көмірін Украинаға транзитін қамтамасыз ете алмағандықтан біз Польшадан темір жол арқылы немесе теңіз арқылы әлемнің кез келген нүктесінен үлкен көлемдегі көмір тасымалын қарастырып жатырмыз. Бұл оңай емес, теңіз транспорты өте баяу екенін білесіздер. 

Александр Сиренко, Украина энергия нарығының сарапшысы:

- Қазір онға жуық танкер теңіз арқылы келе жатыр деген ақпарат бар. Бұл шамамен жарты миллион тоннаға жуық көмір Украинаға тасымалданады деген сөз. Көмір Африка елдері мен Америка Құрама Штаттарынан жеткізілмек. 

Украина сарапшыларының болжамына сәйкес, жақын уақытта елде электр энергиясының  бағасы 30 процентке дейін өсуі мүмкін. Бұған Еуроодақтағы энергетикалық дағдарыс, Ресейдің өз шекарасы арқылы Украинаға газ және көмір транзитіне тыйым салуы және жылу электр станцияларындағы көмір қорының азаюы кері әсерін тигізбек.   

Аида Қыдырбай, Петр Борейко