Украинада «ковид амнистиясы» енгізілуі мүмкін  

Украинада жалған ковид құжатын жасайтындарға жаза күшейді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Заң бойынша аса қауіпті ауруларға қарсы профилактикалық вакцинацияның жалған құжатын жасаған және оны пайдаланған тұрғынға 549 мың теңгеге дейінгі айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Дей тұрғанмен денсаулық сақтау министрлігі депутаттардан Заң тармағына «ковид амнистиясын» енгізуді де сұрап отыр.

Ресми мәлімет бойынша Украинадағы 41 млн 342 адамның 22 проценті ғана коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын алған. Соңғы статистикаға қарағанда тәулігіне 20 мың адам коронавирус жұқтырған. Бір күнде дерттен қайтыс болғандар саны сегіз жүзге жуық. Билік елге ковид-паспортын енгізді, қазір бұл құжатсыз қоғамдық орындарда жүру қиын. Сондықтан вакцинацияның жалған құжатын жасайтындардың дәурені жүріп тұр.

– Иә қазір ПЦР-тестті де, сертификатты да сатып алу оңай. Бәрі pdf құжатында тез жасалады

Заң нормасы бойынша аса қауіпті ауруларға қарсы профилактикалық вакцинацияның жалған құжатын жасаған және оны пайдаланған адамға 17 мыңнан 34 мың гривенге дейін яғни 549 мың теңгеге дейінгі айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Дей тұрғанмен, денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша жақын уақытта Заңда «ковид амнистиясы» деген тармақ пайда болуы мүмкін.

Игорь Клименко, Украина ұлттық полициясының басшысы:

– Жалған сертификат жасап, бірақ оны қолданбаған адамдар жауапкершілікке тартылмайды. Ал жалған құжат жасап және оны қолданған тұрғындар заң алдында жауап береді. Қазір амнистияға қатысты заңның жаңа тармағы әзірленіп жатыр.

Виктор Ляшко, Украинаның денсаулық сақтау министрі:

– Ковид амнистиясына қатысты ақпарат мынандай: жалған сертификатты сатып алып, пайдаланып жүргендер былай істей алады. Олар отбасы дәрігеріне келіп, жалған сертификаттарын көрсетуі керек. Оны кімнен сатып алғаны жайлы мәліметті жеткізуі маңызды. Сосын дәрігер ол адамға вакцина салады, ал жалған құжат жасағанның ісі сотта қаралады. 

Аида Қыдырбай, тілші:

– Владимир Зеленский, екпенің екі дозасын алған ел азаматтары биліктен 1000 гривень, яғни 16 мың 153 теңге алатынын мәлімдеді. Мемлекеттік бағдарлама 19 желтоқсаннан басталады. Ол үшін жыл аяғына дейін қазынадан 110 млн доллар бөлінбек. 

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Сондай-ақ...