Бельгияда шектеу шаралары екі айға қатаңдатылды

Бельгияда коронавирус қайта ушықты, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Індетті бір күнде 20 мыңға жуық адам жұқтырады. Осыған байланысты корольдікте шектеу шаралары 2 айға қатаңдатылды. Жаңа тәртіпке сай 10 жасқа толған балалардан бастап барлық азаматтар сауда орталықтары, мектептер, ауруханалар мен қоғамдық көліктерде бетперде тағып жүруі тиіс. Мейрамхана мен дәмханаларға тек вакцина салдырғандар мен ПТР-тестпен кіруге болады. Барлық компаниялар мен өнеркәсіп орындарының қызметкерлері 5 жұмыс күнінің төртеуін қашықтан істеуі керек. Ал кеңседе жұмысшылардың бестен бір бөлігі ғана жұмыс істей алады. Рождестволық базарларда да бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтық сақтау міндеттелген.

Нильс Ван Регенмортель, интенсивті терапия бөлімінің үйлестірушісі:

– Қазір елдегі жансақтау бөлімдерінде 2 мың адамға арналған орын бар. Індеттің алғашқы толқыны кезінде оның санын көбейтуге болар еді. Қазір оны ұлғайту мүмкін емес. Ауруханаларда қосымша төсек орындар бар. Бірақ мейірбикелер жетіспейді. Сондықтан індет күшейсе, ауруханалар науқастарға тез толып қалуы мүмкін.