Джо Байден: АҚШ – мүмкіндіктер елі

Әлемнің екі алып державасы саналатын АҚШ пен Қытай елдерінің басшылары виртуалды кездесу өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл – Президенттер Джо Байден мен Си Цзинпиннің ресми түрде алғаш рет жүздесуі. 3,5 сағатқа созылған басқосу ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бермеді, – дейді сарапшылар. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі мен халықаралық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, жаһандық сауда-саттық пен адам құқықтарын қорғау сияқты бірқатар мәселелер көтерілді. Өзектілігі арта бастаған киберкеңістік пен стратегиялық ядролық мәселелер де сөз болды. Бірақ қандай да бір нақты шешімдер қабылданған жоқ. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Мен ҚХР президенті Си Цзиньпинмен виртуалды кездесуге қатыстым. Осыдан бірнеше жыл бұрын менің вице-президент болып жүрген уақытымда Си Цзиньпинмен кездесіп, маған «АҚШ-ты сипаттап берші» деген еді. Мен болсам, АҚШ ол «мүмкіндіктер» сөзімен астасады деп АҚШ-ты бір ғана сөзбен суреттеп бердім. Себебі АҚШ – ол мүмкіндіктер елі.

Виртуалды кездесу барысында АҚШ Қытай билігінің Шыңжаң, Тайван және Гонконгтегі әрекеттерін талқылап, адам құқықтарын қорғау туралы сөз қозғады. Осыған дейін Ақ үй Бейжіңді сынға алып, аталмыш мәселелер бойынша наразылығын білдірген еді. Қытай болса, бұл айыптауларымен келіспейтіндерін мәлімдеді. Сонымен қатар осы аптада АҚШ Президенті келесі жылдың басында Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға саяси байкот жариялау туралы мәлім еткен. Қытай бұған қатысты өз пікірін білдірді.

Чжао Лицзянь, ҚХР СІМ ресми өкілі:

– Америка Құрама Штаттары Қытайды Шынжаңдағы геноцид пен еріксіз еңбек пайда болғаны туралы жалған айыптайды. Халқымыз оны әзіл ретінде қабылдайды. Америка елімізді басқа да шындыққа жанаспайтын адам құқықтарына байланысты мәселелер бойынша кінәлайды. Спортты саясаттандыру олимпиада рухы мен спортшылардың мүдделеріне қарсы келеді. Қытай олимпиада рухы мен әр тараптың күштеріне сүйініп, қауіпсіз әрі тамаша ойындарды өткізетініне сенімдіміз. Бейжің олимпиадасы халықаралық спорт ісінің дұрыс дамуына үлесін қосады.