Италия жағалау күзеті 350 мигрантты құтқарды

Италияның жағалау күзеті Жерорта теңізінде 350 мигрантты құтқарды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ескі кемеге мініп қауіпті сапарға шыққан босқындар арасында балалар да бар. Әскерилер босқындарды кездестірмегенде, қолайсыз ауа райына байланысты апатқа ұшырауы әбден мүмкін еді. Құтқарушылар олар мінген су көлігімен Сицилия аралынан 100 шақырымдай жерде ұшырасқан.

Айта кетейік, жыл сайын Африка мен Таяу Шығыстан теңіз арқылы мыңдаған босқын Еуропаға қарай өтуге тырысып, апатқа ұшырап жатады. Биыл Жерорта теңізінде 1,5 мың мигрант опат болған.