Қытайда ковид орталығына келушілерге робот қыздар қызмет етеді

Қытайдың Далянь қаласындағы ковидті зерттеу орталықтарының бірінде адам тәрізді роботтар қызмет көрсетеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік Ruptly агенттігінің мәлімдеуінше, робот қыздар кәдімгі медицина қызметкерлері секілді анализ алады, дәрі-дәрмек береді және басқа да көптеген функцияны орындайды.

Механикалық медицина қызметкері ковид орталығына тестілеуге келушілерді күлімсіреп қарсы алады, оларға кеңес береді және анализ қабылдау пунктіне апаратын жолды көрсетеді.

Айта кетейік, COVID-19 індетінің таралуы сервистік роботтарды медицина саласына мүмкіндігінше тезірек енгізуге себеп болып отыр.

Қытайда коронавирусты анықтау үшін тамақтан жағынды алып, видео байланыс арқылы адамдардың жағдайын бақылайтын және пациенттерге дәрі-дәрмек жеткізуге көмектесетін роботтар көбірек жасалып, енгізіліп жатыр.

Осылайша көп міндетті роботтарға жүктеу арқылы Қытай медицина қызметкерлерін инфекция жұқтыру қауіпінен қорғап отыр.

Видеода робот көмекшілердің бірі көрсетілген.