Ауғанстанда бір тілім нанға мұқтаж адамдар саны күн сайын көбеюде

Ауғанстанда кедейлік артып, бір тілім нанға мұқтаж адамдар саны еселеніп жатыр. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аясында Кабулда 7 мың тұрғынға соңғы 2 айда 76 доллардан, яғни 32 мың теңгеден көмек берілген.

Былтыр 9 миллион адамға ақшалай жәрдем берілсе, биыл тәліптер билікті басып алғаннан кейін мұқтаж жандардың қатары 14 миллионға бір-ақ жеткен.

Халықаралық азық-түлік агенттігінің болжамынша, келесі жылы аш-жалаңаш тұрғындардың саны 23 миллиондай болуы мүмкін, сондықтан олардың мұқтаждығын өтеу үшін донорлар тарапынан ай сайын 220 миллион доллар түсіп тұруы қажет.

Сайфулла Хан, көмек алушы:

– Донорлар көмек көлемін келешекте арттырса деп өтінемін. Сонда қарапайым адамдар суық мезгілде үйін жылыту үшін отын да сатып алар еді. Қазіргі ақша оған жетпейді.