Ресейде 45 градусқа дейін аяз күшейді

Көрші Ресейдегі Саха республикасында 45 градусқа дейін аяз күшейді. Бүгін кейбір өңірде балалар сабаққа бармай қалды. Ал Қытайда қардың мол түсуіне байланысты төтенше жағдай жарияланды. Колумбияда су тасыды. Табиғат апатының зардабын Үндістан мен Канада тұрғындары да тартып отыр. 

Саха республикасында аяз күшейіп, кейбір өңірде ауа температурасы минус 45 градусқа дейін жетті. Осыған байланысты мектептерде сабақ болмай, балалар қашықтан оқуға көшті. Ал Ресейдің Хабаровск қаласында бұрқасын соғып, жергілікті әуежай рейстерді қабылдай алмай, ұшақтарды басқа шаһарлардағы қосымша аэродромдарға жіберіп жатыр. Жергілікті коммуналдық қызмет жоғары дайындық жағдайына көшірілді. Өңірдегі жолдар жабылған. Синоптиктер мұндай ауа райы әлі бірнеше күнге сақталатынын ескертеді.

ҚЫТАЙДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ

Қытай тұрғындарын қалың қар әбігерге салды. Хэйлунцзян провициясында төтенше жағдай жарияланды. Мұнда тас жолдар жабық. Әуе рейстері кейінгі шегерілді. Балабақшалар жұмыс істемей, мектеп оқушылары онлайн оқуға көшірілді. Қардан бөлек біраз өңірде күн күрт суытқан. Ол аздай, мамандар алдағы күндері бұрқасын болатынын ескертіп отыр. Жалпы сарапшылар жаһандық жылыну кесірінен Қытайда биыл осындай құбылыстар жиілеп кеткенін айтады. 

КАНАДАДА ТАСҚЫНҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖАНАРМАЙ САТЫЛЫМЫ ШЕКТЕЛДІ

Ал Канада тұрғындары тасқын судың зардабын тартып отыр. Британиялық Колумбия провинциясында өткен аптада небәрі екі күн ішінде жауын-шашынның екі айлық нормасы жауған еді. Салдарынан өңірді су басып, төтенше жағдай жарияланды. Мамандар қауіптің беті әлі қайтпағанын айтады. Олар жаңбыр тағы жауып, өзендер арнасынан тасуы мүмкін дейді. Билік мұнда жанармайдың сатылымын шектеді. Өйткені қазір зардап шеккен тұрғындарға маңызды тауарлар еш қиындықсыз жеткізілуі тиіс.

КОЛУМБИЯДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ   

Колумбияның Медио Баудо қаласында да су тасқыны жергілікті халықты әуре сарсаңға салды. Табиғаттың тосын мінезінен 3 600 отбасы зардап шекті. Бірнеше күн қатарынан төпелеп жауған жауыннан өзендер арнасынан тасып аймақтағы егістік алқаптар мен ғимараттар  жарамсыз күйге айналды. Тұрғындар баспанасын тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. Тасқыннан зардап шеккендер мен мерт болғандар жайлы ақпарат түскен жоқ. Апатты жерде төтенше жағдай жариялады.

Фреди Рамирес, Медио-Баудо мэрі:

– Нөсер салдарынан бірнеше өзен арнасынан тасыды. Метеорологтардың болжамы көңіл көншітпейді. Олар жаңбыр әзірге тоқтамайтынын болжап отыр. Билік тұрғындарға көмек көрсету мәселесіне қатысты шұғыл отырыс өткізуге дайындалып жатыр.

ҮНДІСТАНДА ТАСҚЫН ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ САНЫ АРТТЫ

Үндістанның Андхра-Прадеш штатында су тасқыны салдарынан көз жұмғандар саны артып, 40-қа таяп қалды. Ондаған адам әлі табылмай жатыр. Әсіресе, Тирупати қаласындағы ахуал күрделі. Мұнда жолдар мен көпірлерді су шайып әкеткен. Сондықтан аймаққа құтқарушылардың қатынауы қиынға соғып тұр. Мамандар мұндай уақытта өңірде жаңбырдың көп жауу қалыпты жағдай екенін айтады. Бірақ климаттың өзгеруі салдарынан жауын-шашын жиілеп кеткен әрі молынан жауатын болған.

Сондай-ақ...