433,32 493.30 5,91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ресейде вакцина салдырмағандарға талап күшейді

  • 71
  • UPD: 09:50, 23.11.2021
Ресейде вакцина салдырмағандарға талап күшейді

Ресейдің Ханты-Мансийск автономды округі вакцина салдырмаған тұрғындар үшін карантин жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Шектеулер 2 желтоқсанға дейін күшінде болмақ. Оған дейін жұмысқа немесе дүкенге баруға нақты себеп қажет. Ал Татарстан қоғамдық көлікте QR-код көрсетуді міндеттеді.

Қазандағы автобус қызметкерлерінің қазіргі күйі осы. Бірінші күні-ақ QR-кодын көрсете алмаған мыңға жуық адам жұмысына жете алмады. Такси де бағаны аспандатып жіберген. Жанжал көбейді.

Сергей Темляков, Татарстанның автокөлік кәсіпорындары қауымдастығының басшысы

– 43 автобуста жолаушы кондуктордың мұрнын бұзған. «Жедел жәрдем» келіп, тігіп берді. QR-коды жоқ немесе жалған QR-код көрсеткендерге 30 мың рубльге дейін айыппұл салынады. Ал тасымалдаушы заңды тұлға ретінде 500 мың рубльге дейін айыппұл төлейді.

Қазан әкімшілігі тұрғындарды кондукторларға тиіспеуге шақырып, арнайы үндеу де жолдады. Мамандар жаңа шектеулерге қарсылық –пандемиядан кейінгі стрестің бір көрінісі дейді.

Евгений Фомин, психолог:

– Пандемия өршіген сайын халықтың жүйкесі де жұқарып барады. Адамдардың арасына жік түсе бастады. Бірін-бірі түтеп жеуге әзір. Барлық әлеуметтік нормалар бұзылып жатыр. Адамдарда ашу-ыза, агрессия, жек көру басым.

Ресейдің мемлекеттік думасы QR-код көрсетуді әуе және теміржол көлігінде де міндетті қылу туралы заң жобасын кері қайтарды. Құжат толықтырылған соң 14 желтоқсаннан кейін қайта қаралуы тиіс.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Дана Нуржан

Хабар 24 телеарнасы