Германияда Рождество жәрмеңкелері шектеумен жұмыс істеп жатыр

Германияда коронавирусты жұқтыру, күрт артқанына қарамастан рождестволық базарлар ашыла бастады.

Еске сала кетсек, былтыр науқастар саны бұдан аз болғанда билік мерекелік шаралар өткізуге тыйым салған болатын. 

Немістер ұнататын рождестволық базарлар ақыры ашылды. Бірақ кейбір шектеулер енгізілді. Жәрмеңкелердің көбісі тек екпе алған, жазылып шыққан және тесттен өткен адамдарды кіргізеді. Бұған қарамастан халықтың қарасы қалың. Келушілердің көбісі санитарлық шараларды қолдап отыр.

Каринго, Берлин қаласының тұрғыны:

- Рождество жәрмеңкелеріне бару - отбасылық дәстүріміз. Ата-аналарымызбен жыл сайын баратынбыз. Мұнда өзімді қауіпсіз сезінемін. Бірақ тек екпе алғандар мен аурудан жазылып шыққандарды жібергені жөн. Сонда ковид жұқтырудан ешкім қорқпас еді. 

Мартин, Берлин қаласының тұрғыны:

- Жәрмеңкелер ашылғанына қуаныштымын. Иллюминациялар мен гирляндалардың арқасында ерекше бір көңіл байқалады. Тіпті пандемияны да ұмытасың, тек маскалар ғана оны еске салады. Дегенмен, биыл жәрмеңкелерге жиі барудың қажеті жоқ деп ойлаймын.

Берлин кәсіпкерлері де шектеулерге наразылық танытқан жоқ. Өйткені былтыр локдаун кесірінен мерекелік базарлар мүлдем жұмыс істеген жоқ. Ал пайдасының едәуір бөлігін осы кезде  табатын еді. Дегенмен, бизнес жағдайдың өзгеруінен қауіптеніп отыр. 

Ульмих Марониман, кәсіпкер:

- Осындай жәрмеңкелерде жұмыс істеу шағын кәсіпкерлерге өте маңызды. Жаңа ғана ашылдық, бұл жұмысымыздың бірінші күні. Жұрт бұрынғыдай келіп, бұйымдарымызды сатып алып жүре ме, әлі де түсініксіз. Алайда былтыр жәрмеңке өткізуге тыйым салғаннан кейін саясаткерлерден көңіліміз қалды. Биыл локдаун жарияланбайтынына үміттіміз.

Германияда жыл сайын Рождество қарсаңында 3 мыңдай жәрмеңке өткізіледі. Ал биыл жүздеген базар ашылмайтын болды. Мысалы, туристер баруды ұнататын Мюнхен, Нюрнберг пен Дрезден қалаларында жәрмеңкелер жұмыс істемейді. Эпидахуалдың нашарлауына байланысты жергілікті билік бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салды.

Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский