Венгрияда коронавирус жұқтыру дерегі 1 миллионнан асып кетті

Еуропада коронавирус қайта белең алып барады. Мәселен, Францияда қазір індеттің бесінші толқыны жүріп жатыр. Вирус жұқтырған балалар көп. Ал неміс мамандары індеттің төртінші толқынымен күресіп әлек. Жағдай ушығып, шектеу шаралары күшейтілді. Елде жалған вакциналау сертификатын жасау деректері көбейген. 

Венгияда коронавирус жұқтыру дерегі 1 миллионнан асып кетті. Елде эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Мемлекет ең үлкен тәуліктік өсім тіркелген елдердің бестігіне кірді. Сондықтан билік шектеу шараларын күшейту шешімін қабылдаған. Мәселен, қоғамдық орындарда маска тағу тәртібі қайта күшіне енді.  

Словакия расталған дерек саны бойынша әлемде бірінші орында тұр

Венгриямен көрші Словакияда эпидахуал күрделі. Мемлекет кейінгі бір аптада расталған дерек саны бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Кеше мұнда екпе салдырмағандар үшін локдаун енгізілген. Ол үш аптаға созылады. Бұл уақыт ішінде вакцинадан бас тартқан азаматтар қоғамдық орындарға бара алмайды. Кісі көп жиылатын шараларға қатыспайды. Қолында ПТР-тесттің теріс нәтижесі болса да жұмысқа кірмейді. Билік мұнымен тоқтамайтын сияқты. Мұнда Австрия секілді екпе салдырмағандар үшін локдаун енгізу жағын қарастырып жатыр. Тиісті мәселеге қатысты шешім ертеңгі отырыс қорытындысы бойынша белгілі болады.  

Жергілікті тұрғын:

- Талап күшейтілді. Мен енді баламды өзіммен бірге алып жүре алмаймын. Мәселен, ол менімен бірге дүкенге кіре алмайды. Бірақ мектепке емін-еркін кіріп, тіпті онда маска тақпай жүре береді. Бұл мен үшін түсініксіздеу.  

Германияда жалған сертификат жасату деректері көбейіп кетті

Германияда қыстың соңына дейін әр тұрғын не екпе салдырады, не коронавируспен ауырып шығады болмаса індеттен көз жұмады. Жергілікті денсаулық сақтау министрі осындай мәлімдеме жасап, мүмкіндігінше көп тұрғынды вакцина қабылдауға шақырды.

Жалпы мұнда кейінгі кезде жалған вакциналау сертификатын жасату деректері көбейіп кеткен. Құжаттың құны 150 еуроға бағаланады. «Құжатқа» интернет арқылы тапсырыс беріп, артынша дайын қағазды дәріханадан алып кетуге болады. Сөйтіп, бар жауапкершілік дәріхана қызметкерлерінің мойнына артылады.

Карстен Хитцеманн, дәріхана қызметкері:

- Қай құжаттың шын, қайсысының жалған екенін анықтау мүмкін емес. Өйткені сертификатта не голограмма, не металл жолағы жоқ. Бұл біз үшін қиындық тудырып отыр.