Израильде 5-11 жас аралығындағы балалар коронавирусқа қарсы екпе қабылдай бастады

Ал осыдан бірнеше ай бұрын 12 жастан асқан жасөспірімдер егілген еді.

Осылайша эпидемиологтар елде аурудың жаңа толқынының алдын алып, вирустың таралуын тежемек ниетте.

5 пен 11 жас аралығындағы балаларды иммундау ісі басталысымен премьер-министр Нафтали Беннеттің 9 жасар ұлы бірінші болып екпе қабылдады. Осылайша премьер-министр вакцинаның балаларға қажет екеніне кәміл сенетінін көрсетті.  

Давид Беннет, Израиль премьер-министрінің ұлы:

– Коронавируспен ауырмау үшін вакцина қабылдаған жөн. Шара ата-анамызға, егде жастағы туысқандарымызға вирусты жұқтырмау үшін қажет. Қарт адамдарың індетті ауыр қабылдайтыны белгілі. Вирус тіпті олардың өмірлеріне үлкен қауіп төндіреді.

Алайда бүгінде ковидпен егде жастағылар ғана қатты ауырмайды. Бұған елдің Денсаулық сақтау министрілігі ұсынған статистика дәлел. Оған сәйкес індеттің төртінші толқыны кезінде 200 ден астам бала жансақтау бөліміне түскен. Оның 11-і көз жұмды. Бұдан кейін мамандар балаларды егу керек деген шешімді бірауыздан қабылдаған.

Боаз Лев, денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

– Басты мақсат – балалардың денсаулығын сақтау. Десе де бұл міндеттелген шара емес. Екпе ерікті түрде салынады. Шешімді баланың ата-анасы қабылдайды. 

Логистика мәселесі бір ізге қойылды. Ауруханаларда екпе қабылдау үшін алдын ала жазылу басталды. Вакциналау науқанының бірінші күнінде мыңнан астам бала егілді. Ата-ананың келісімімен және қатысуымен екпе салынады. Әзірше балаларда жанама әсер байқалған жоқ.

Лама Джабарин, ата-ана:

– Екі қызымды вакцина салдыру үшін әкелдім. Екпе егу арқылы иммунитеттерін сақтап қалғым келеді. Біз баламыздың өмірі мен денсаулығы үшін жауаптымыз. 

Бір тәулікте екпе қабылдауға ниет білдіргендердің қатары қалың болды. Вакцина ала алатын балалардың 3 проценті жазылды. Жалпы Израильде 5 пен 11 жас аралығындағы 1 млн 200 мың бала бар. Оның бестен бір бөлігі коронавируспен ауырып шықты. Олар әзірге вакцина алмайды. Ал мамандардың болжамы көңіл көншітпейді. Айтуынша, жақын арада індеттің бесінші толқыны басталуы бек мүмкін.

Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...