Әлем елдерін қымбатшылық қысып тұр

Түркияда лира тағы құнсызданып, кейбір азық-түлік бағасы 3 есе өскен, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Түріктің ұлттық валютасы жыл басынан бері 70 процентке құнсызданды. Бұл соңғы жылдардағы ең үлкен көрсеткіш. Жалпы кейінгі уақытта лираның арзандауына қатысты рекордтар жиілеп кетті. Солардың бірі кеше тіркелді. Бір күнде валюта 12 процентке құнсызданған. Қазір бір доллардың бағамы - 13,5 лира. Жағдайдың былай ушығының бірнеше себебі бар. Солардың бірі, әрине, коронавирус пандемиясы. Сарапшылар президенттің Орталық банкке есептік мөлшерлемені көтеруге рұқсат бермеуі де экономикалық ахуалдың нашарлауына әсер еткенін айтады.

Соңғы жағдайларға байланысты Стамбұл мен Анкарада ереуілдер ұйымдастырылған. Бұқаралық ақпарат құралдары кейбір азық-түлік бағасы 3 есе қымбаттап кеткенін хабарлайды.

– Бұған дейін бір қап ұн 100 лира тұратын. Қазір оның құны 300 лира. Әрі қарай жағдай не болмақ? Халық не істейді? Кейбіреулер шетелден жұмыс іздеп жатқанын білемін. Өйткені мұнда екі қолға бір күрек таппай жүргендер көп.

– Біз аяқ қиім шығарумен айналысамыз. Алайда өндірісті уақытша тоқтатуға тура келді. Өйткені доллар қымбаттап, тиісінше материалдардың да бағасы көтереліп кетті.

ИНФЛЯЦИЯ СОҢҒЫ 31 ЖЫЛДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТТІ 

АҚШ-та өткен айда тұтынушылық бағалар 6,2 процентке қымбаттады. Бұл кейінгі 11 жылдағы ең үлкен өсім. Сөйтіп жылдық инфляция 1990 жылдан бері рекордтық деңгейге жетті. Сарапшылар жағдайдың былай ушығуына коронавирус әсер еткенін айтады. Пандемия салдарынан тауарлар мен шикізаттың жеткізілуі қиындаған. Жуырда жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша әрбір төртінші америкалық өткен айда өмір сүру деңгейі күрт төмендеп кеткенін айтқан. Сарапшылар бұл Джо Байденнің беделіне нұқсан келтіріп отырғанын мәлімдейді.

БРАЗИЛИЯДА НЕБӘРІ 1,5 АЙДА ГАЗ ҚҰНЫ 3 ЕСЕ ҚЫМБАТТАДЫ  

Латын Америкасы елдерін де қымбатшылық қысып барады. Мәселен, қазанда Бразилияда инфляция 11 процетке жетті. Мұндай жағдай соңғы 5 жылда болмаған. Азық-түлік бағасы 20 процентке өскен. Ал газ құны бір жарым айда 3 есе қымбаттапты.

Жергілікі тұрғын:

– Өткен аптада 4 келі ет сатып алған едім. Ал бүгін дәл сол ақшаға тек 2 келі ет келді. Баға өте қымбат.

ИНФЛЯЦИЯ КЕЙІНГІ 10 ЖЫЛДАҒЫ ЕҢ ҮЛКЕН ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТТІ   

Ұлыбританияда да осындай жағдай. Елде жылдық инфляция кейінгі 10 жылдағы максималдық деңгейге жеткен. Корольдікте өткен айда тұтынушылық бағалар 4,2 процентке өскен. Бұл 2011 жылдан бері болмаған жағдай. Сарапшылар оны жанармай бағасының қымбаттауымен байланыстырып отыр. Ал бұған Брекзит әсер еткен. Өйткені корольдік Еуроодақ құрамынан шыққаннан кейін мұнда өзге елдерден жұмысшылардың келуі қиындаған. Салдарынан бекеттерге жанармай таситын мамандар жетіспей, отын тапшылығы туындап, бағалар өскен еді. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева