Грузияда зейнеткерлер тұрмысы қиындап барады

Себебі қарттардың алатын ақшасы тым аз, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Жастардың өзі екі қолға бір күрек таппай жүргенде, 60-тан асқан кісілерге қосымша табыс табу мүлдем қиын. Дегенмен еңбекке жарамды зейнеткерлер өзін жұмыспен қамтуға тырысып жүр. Қазір Грузия халқының 21%-нен астамы зейнетақы алып отыр. Жыл сайын саны көбейіп келеді. Оның бір себебі  жастардың өзге елдерге жұмыс істеуге кетуі болып отыр. Ал зейнеткерлердің баратын жері жоқ, сондықтан амалын тауып, күнін көруі керек. Грузиядағы зейнетақының орта мөлшері – 77 доллар. Бұл Қазақстандағыдан үш есе аз.

Қазақстанда туып өскен Гүлнәрдың бұл елге көшіп, Грузия азаматтығын алғанына 20 жыл өтті. Былтыр 60 жасқа толған ол әлі де жұмыс істейді. Өзінің шағын көркем студиясы мен кәдесый дүкені бар. Алайда демалыссыз жұмыс істеуге мәжбүр.

Гүлнәр Утева-Натрадзе, зейнеткер:

– Қосымша табысым болмағанда күнімді қалай көрер едім деген ой басыма жиі келеді. Біріншіден, мен пәтер жалдап тұрамын. Жарығы мен газын төлеп, азық-түлік сатып алу керек. Қымбат киім алмайтыным жақсы болды. Мұның маған қажеті жоқ, өнер адамы болғандықтан, өзім де тіге аламын. Бірақ жергілікті зейнеткерлер қалай тұрып жатқанын түсінбеймін.  

Инфляция мен ұлттық валюта құнсыздануының әсерін сәл де болса азайту үшін қаңтар айынан бастап елде зейнетақы мөлшерін индекстеу басталды. Дегенмен келесі жылы қосылатын сомасы тым аз. Жетпіс жастан асқандарға 8 доллар, ал қалғандарына 6 доллар қосады.

Давид Кешелава, бейкоммерциялық ұйымның аға зерттеушісі:

– Индекстеу үшін жылдың алғашқы сегіз айындағы инфляцияның орта көрсеткіші алынған. Алайда одан кейінгі айларда инфляция шарықтап кеткені белгілі. Сондықтан зейнеткерлердің сатып алу мүмкіндігін бір қалыпта ұстау қиындайтын түрі бар.

Грузияда осыдан екі жыл бұрын реформа өтіп, жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген болатын. Алайда ол қазір жұмыс істеп жатқан жастарға арналған. Сондықтан жұмыссыздықтың өсуі мен инфляцияны ескерсек, жақын арада зейнеткерлердің тұрмысы жақсаратын түрі жоқ.

Авторы: Юлия Тужилкина