Түркия халқы үкіметтің отставкасын талап етті

Түріктер Үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, көшеге шықты. Өкпелі жұрт ақша өртеп, полициямен жағаласты. Бірақ олардың бұл әрекеті ұзаққа созылған жоқ. Тәртіп сақшылары амалын тауып, елді тарқатты.

Ал жұрт ұлттық валюта - лираның құнсыздануына наразы. Кеше 1 доллардың құны 13,40 лирадан асып, жыл басынан бері ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Ал бүгін Анадолыда доллар түріктің төл ақшасына шаққанда 13,05 лира. 

Түркияның ұлттық валютасы АҚШ долларына шаққандағы бағамы бірнеше күннен бері құнсызданып келеді. Тек ғана осы жылдың басынан бері түрік лирасы 70% құлдыраған. Қаңтарда доллардың құны 7,3 лира болса, қазір 13-тен бой бермей тұр. Ал Еуропалық Одақтың негізгі валютасының жаңа рекордтық құны 14 лирадан асты.

Сарапшылардың пікірінше, бұған инфляцияға қарамастан Орталық банктің негізгі проценттік мөлшерінің көтермеуі мен Ақ үй басшысының АҚШ Федералды резервтік жүйесінің төрағасы Джером Пауэллді екінші мерзімге ұсынуы себеп. Өйткені Джо Байденнің бұл шешімі инвесторлардың АҚШ проценттің мөлшерлемесінің көтерілетініне сенімін арттырып отырған ұқсайды. Ал Түркия президенті Ердоған проценттік мөлшерлемелерді «халық үшін үлкен қиындық» деп, төмендетуді белсенді түрде жалғастырып отыр.

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Валюта бағамы, проценттік мөлшерлеме, баға өсімі арқылы елімізді тізе бүктіргісі келетіндерді көріп отырмыз. Біз өзіміздің «ойындағы жоспарымызды» жалғастырамыз. Алланың және халқымның қолдауымен осынау экономикалық тәуелсіздік соғысынан жеңіспен шығамыз. 

Елдегі доллар бағамындағы өзгерістерге байланысты жылжымайтын мүлік, көлік пен кейбір дүкендер саудасын тоқтатты. Осы кезеңде 9 мыңға жуық автомобиль сату хабарламасын тоқтатқан. Ал Apple компаниясы бірқатар тауарын онлайн сатуға уақытша шектеу қойған. Ал елдің шығысында орналасқан Диарбакыр қаласындағы кәсіпкерлер лираның бірнеше күнде 15% құнсыздануына қарсылық білдіріп, символды түрде ақша өртеді. 

БЛИЦ

-   Жағдайымыз барған сайын нашарлап отыр. Біз де бұл жағдайға қарсы, «жетеді» деу үшін бас қостық. Түні бойы, қарыздарымызды қалай төлейміз деп, тауарды сатып ала алмаймыз, қолымыздағыны қалай сатамыз деп ұйқысыз шығамыз.

-  Үйге нан апара аламын ба деген сұрақ мазалайды. Болашағымыз қалай болады. Қиын...

-   Бәріміз күтіп отырмыз. Қалай болады. Не болады деп. Төрт балам бар. Азық- түлік, коммуналдық қызмет пен үй жалдау ақысы өсті.

Елдегі экономикалық жағдайға байланысты оппозициялық топтар мерзімінен бұрын президенттік сайлауға шақырып, мәселені тек осы жолмен шешуге болады деп отыр. Ал Ердоған мерзімінен бұрын сайлау өткізу мүмкіндігін жоққа шығарып, олардың 2023 жылы - белгіленген мерзімде өтетінін айтты. Бұдан бөлек Анкара мен Ыстамбұлда лираның құнсыздануына байланысты наразылық акциясы өтіп, жиналған жұртшылық үкіметтің оставкаға кетуін талап етті. Дегенмен, қауіпсіздік сақшылары қысқа уақытта жиналған жұртты тарқатып жіберді.

Үкімет нарықтағы өзгерістің жасанды түрде жасалып отырғанын айтып, қысқа уақытта мәселенің шешілді деп сендіреді. Қазір елде Біріккен Араб Әмірліктерінің ханзадасы ресми сапармен жүр. Екі ел арасында тікелей инвестицияны қамтитын бірқатар келісімдер жасалмақ.  Нақтырақ айтсақ, Ыстамбұл Биржасы мен Әл-ауқат қорынан бөлек ірі құрылыс және дәрі- дәрмек компанияларына ірі көлемде инвестиция құйылмақ. Аталмыш хабар жергілікті басылымдарда жариялануымен, кеше ғана 15% құның жоғалтқан лира, долларға шаққанда 11,60 құрап, 9% қымбаттады.