Трансшекаралық су мәселесін реттеу үшін Қазақстан Еуропа тәжірибесіне жүгінбек

Трансшекаралық су мәселесін реттеу үшін Қазақстан Еуропаның тәжірибесіне жүгінбек. Бұл туралы Еуроодақ пен Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлерінің Душанбеде өткен кездесуінде айтылды. Еуропада тоғыз мемлекетке ортақ Дунай өзені бар. Өзен суын қолдануға қатысты мемлекетаралық қатынас құқықтық-техникалық тұрғыдан егжей-тегжейлі реттелген.

Сол себепті Орталық Азияның кәрі құрлықтан үйренері мол. Еуроодақтың ресми өкілдері және бес елдің дипломатиялық делегация бас қосқан 17 министр кездесуінде тағы қандай мәселе қаузалды? 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Президент резиденциясында ұйымдастырылған министрлер кездесуі әдеттегіден ұзаққа созылды. Жоспарлы үш сағаттың орнына алқалы жиын төрт сағатқа ұласты. Бұған күн тәртібіндегі климаттың өзгеруі, экономикалық ынтымақтастық, адами капиталды дамыту және індет салдарынан туындаған дағдарыстан шығу жолдары сынды өзекті түйткілдер себеп болды. Әрқайсысы маңызды, әрқайсысына қатысты әр мемлекеттің өз айтары бар. Сондай-ақ Орталық Азия мен Еуропа өкілдері талқылаған ауқымды мәселенің бірі Ауғанстандағы ахуал. 

Саяси, экономикалық тұрақсыздық салдарынан ауған халқының босып кетуіне қалай да жол берілмеуі керек. Тараптардың бұған қатысты ойы бір арнаға тоғысады. Еуроодақтың сыртқы істері және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі көші-қон дағдарысын болдырмаудағы Орталық Азияның рөлін ерекше атады. Жозеп Боррель ауған босқындарының Еуропаға ағылуынан ешбір елдің ұтпайтынын меңзеді. Оған Беларусьте мең-зең күйге түскен мигранттар мысал. Онсыз да күрмеуі қиын мәселені одан әрі күрделендірмес үшін ЕуроОдақ аймақта миграциялық үдерістің жіті бақылауда болғанын қалайды. Сол себепті ауған халқына 1 млрд еуро көлемінде қолдау қаржы бөлмек.

Ютта Урпилайнен, Еуроодақтың халықаралық әріптестік жөніндегі комиссары:

- Қаражат бірнеше бағыт бойынша бөлінеді. Оның бірі гуманитарлық қолдау. Оған 300 млн еуро қарастырылған. Екіншісі қосымша гуманитарлық көмек. Яғни, мемлекеттік құрылымды мойындамай әрі онымен еш байланыс орнатпай-ақ, Ауғанстандағы мұқтаж халықтың қажетіне тікелей жаратылады.

Сыртқы істер министрлерінің ЕуроОдақпен ынтымақтастық аясындағы 17-кездесуінде бірқатар ұсыныс айтылды. Мәселен, Қазақстан тарапы Орталық Азиядағы даму қарқынын үдету үшін алдымен инновациялық технологияларды енгізу керегін жеткізді. «Бұдан былай аймақтағы ынтымақтастықты Еуропалық Одақ осы бағытта өрбіткені абзал» делінді. Бұған бәрі де келісті.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Министрлердің ортақ жиынында да, екі жақты кездесу барысында да талқыға түскен тағы бір мәселе - су тапшылығы. Таяуда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «су дипломатиясын» түзу жөнінде сыртқы істер министрлігіне нақты тапсырма берген еді. Міне осы бағыттағы жұмысты ілгерілету мақсатында Қазақстан Еуропа елдерінің тәжірибесін зерделейді. Нақтырақ айтқанда, тоғыз елдің тіршілігін қайнатқан, Еуропадағы ең ұзын өзендерінің бірі Дунайдың суын қолдану ережелері зерттелмек.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі:

– Су мәселесі өте өзекті Орталық Азияға. Соған біздің Еуропалық әріптестеріміз қандай үлес қосуы мүмкін. Одан кейін Еуропадағы сумен бөлісу мәселесі. Өйткені өздеріңіз білесіздер Еуропадағы су мәселесі өте... тарихи ұзақ уақыттың ішінде шешілген болатын. Сол тәжірибемен бізбен бөліссе де қай жолдармен, оның ішінде қаржыландыруда, экспертизалық көмек беру мәселесі де талқыланды. 

Ұлт мүддесін ойлай отырып, сыртқы саясатты тиімді түзу барысында жаңа тәсілдерге жүгіну керек. Қасым Жомарт Тоқаев құзырлы ведомствоға осыны мықтап тапсырған еді. Жиында Президент осы тапсырмасы қаншалықты ескерілді? Орайлы сәтті пайдаланып, министрден осыны сұрадық.

Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі:

– Әрине, қазір ең басты мақсат, қазір Орталық Азиядағы Қазақстанның рөлін лидер ретінде, аймақтық лидер ретінде күшейту жөнінде тапсырма берілген болатын. Соны бүгінде осы тапсырманы орындау ретінде бүгінгі отырыста бірнеше жаңа бастамаларды ұсындық. Әрине, ол Ауғанстанға да қатысты, аймақтағы экономикалық қарым-қатынастарға және климаттың өзгеруіне де жаңа идеяларды ұсындық. 

Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен Еуропалық комиссияның вице-президенті Жозеп Боррельдің екі жақты кездесуі өтті. Мұнда Қазақстан Президентінің Еуропаға сапары пысықталды. Сонымен қатар кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің іске асуы әңгімеге арқау болды.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Бұл келісім Қазақстан мен кәрі Құрлық елдерінің арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға бағытталған. Құжат алыс-берістен бөлек адам құқығы, мәдениет, білім, инновация сынды ұзын саны 29 түрлі мәселені қамтыған. Айта кетейік, Қазақстан Еуроодақпен кеңейтілген келісім жасаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Сондықтан Еуропамен тиімді әріптестік қатынас құру жөніндегі Қазақстанның тәжірибесі өзге елдерге де үлгі. Мәлім болғандай, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан тарапы да Еуропалық Одақпен дәл осындай кеңейтілген келісім жасау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.

Бақыт Топтаева, Ерлан Наурызбаев